Наурыз айының 4 жұлдызы күні газетіміздің ардагері, "Сырым елі" газетінің редакциясында ұзақ жыл корректор болған Ботагөз Нұғманова мерейлі 70 жасқа толды.
Ботагөз Нұғманова — аудандағы бірегей БАҚ саласы династиясының отанасы. Азаматы - ақын, ҚР Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі Махмет Қажиахметов – саналы ғұмырын жазу жұмысына арнаған адам. Қарапайым фотографтықтан газет редакторына дейінгі асу – белді жүріп өтіп, әдебиет аспанына белгілі жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың мектебінен түлеп ұшты.
Ботагөз ханым да өмірінің 31 жылын баспасөз қызметіне арнады. 1976-1998 жылдары типографияда линотипистші, кейін аудандық газеттің редакциясында 2005-2014 жылдары корректор болып еңбек етіп, зейнетке шықты. 1981-1985 жылдары аудандық мәслихат депутаты болып, Жымпитыдан баспа үйін салдыруға үлес қосты. Бүгін ол ғимаратта Сырым колледжі орналасқан.
Махмет мырза мен Ботакөз ханымның жүректерін толқын шайып, жанарлары түйіскен кездесу алаңы – өзеннің бойы не ақ қайыңның қасы емес, газет редакциясы екен. Міне, журналистер династиясының қос бәйтерегі осылай танысқан.
Ақынның шаңырағының отын жаққан аяулы әріптес, асыл ананы мерейлі жасымен құттықтай отырып, деннің саулығын, ұрпақ қызығын тіледік.
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz