25.05.2017, 10:36
Оқылды: 39

Ақын-ұстаз Құмарғали Ғұбайдоллаұлының кеші өтті

Зеленов аудандық кітапхана ұжымының бастамасымен «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» кітапханалық өлкетану жобасы аясында, Достық ауылдық клубында жыр кеші өтті. Кеш ақын, ардагер ұстаз, «Еңбек ардагері» медалінің, ҚР Білім министрлігі «Құрмет» грамотасының иегері, Достық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құмарғали Ғұбайдоллаұлының шығармашылығына арналды.

«Ауданым - достық мекені» тақырыбында өрбіген поэзия кешіне Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Тасқала ауданы мен Орал қаласының құрметті азаматы, ақын Айтқали Нәріков, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова, «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талшынай Жүніс арнайы қатысты.

– Құмарғали өлеңдерінде ерекше қуат барын, тың екпінді екенін біздер, замандастары білдік. Талай мәрте өзін қалаға қызметке келуге үгіттеп те жүрдік. Туған топырағынан табанын тайдырғысы келмеген ол ауылда жүріп-ақ талай дүниені жазып тастағанын бүгін өздеріңіз көріп отырсыздар. Құмарғалидың азаматтығын айтсам, елге белгілі Мұқадес Есләмғалиев, Серікқали Шарабасов, Қайыржан Хасанов, Шолпан Қыдырниязова сынды тұлғаларға қамқор болған аяулы аға. Тіпті мен де Құмарғалиға қарыздармын, - деген ақын Айтқали Нәріков  досына ақжарма тілегін арнады.

Ақын қаламынан туған «Есімізден Ұлы Жеңіс кетпейді», «Он сегізде отқа түскен өрендер», «Абаймен сырласу», «Жұлдыз жырың сөнбейді», «Бірліктің туын ұстасып...», «Қарттарым, кемеңгер бармысың?», «Қазақтың даңқы асқаны» өлеңдері жастарды елжандылыққа баулитын, адамгершілікке тәрбиелейтін дүниелер. Ақын талантының тағы бір ерекшелігі өлеңдері әнге сұранып тұратын шеберлігі дер едік.

Достық ауылына қоныс аударған 1997 жылдан бері қоғамдық жұмыстың бел ортасынан табылып жүрген ел ағасы әлі де шығармашылық үстінде. Келер жылы сексеннің сеңгіріне шығатын ақынның ендігі арманы жазбаларын жинақтап, кітап шығару екен. Бұл кеш ақын жүректің сол арманына жасаған алғашқы қадамындай әсер етті.

Үшінші жаңғыруға бет алған елімізді рухани тұрғыдан жетілдіру де міндет болса, осынау ардагерлердің еңбектері еленбей қалмауы тиіс.

Нұржан ДҮЗБАТЫР,

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале