ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ақын Бауыржан Халиолла Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды.
Атақ жерлесімізге елдің мәдениеті мен руханиятына сіңірген еңбегі үшін берілді. Ақынының мемлекеттік атаққа ие болуын жанкүйерлері, әсіресе туған жері – Жымпиты өңірі зор қуанышпен қабылдады.
Кешегі Өлеңті өзенінің жағасындағы жаппай көкпардың да құрметі – 45-ке келген ақын Бауыржан Халиоллаға арналды.
Төрешінің ысқырығы естілісімен, доданың ішіне қырыққа жуық білекті жігіт, белді ат кірді де кетті.
Беташар салымды «Сырым батыр» көкпар командасының мүшесі Нұршат Нариман салды. Астындағы арғымағы – Гүлсары.
Ең көп салымды сырымдық Төлеби Қайыржанов тіркеді. Аударыспақтан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Төлебидің шыққан мектебі – осы көкпар. Ол кеше Үміт атты тұлпарымен доданың ішінен серкені алты мәрте жұлып шығып, мәреге аман жеткізді.
«Өгіз өлді» салымын жоғары мәреге апарған - Сырымнан шыққан тағы бір сайыпқыран көкпаршы, облыстың аға жаттықтырушысы Ақтілек Сәрсенов. Ол серкені кері іліп алып, төменгі мәреге тастаған – ұлттық спорт мектебінің түлегі Нұрдәулет палуан.
Серкені ең көп ілген – тасқалалық Ернар Берікқали.
Тойдың құрметіне меймандар үшін ақ боз үй тігілді. Кейін «Alan Tir Parking» автокешені спортшыларға қонақасы берді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы