7.10.2021, 18:28
Оқылды: 79

Ақынның мұрасына іңкәрлік

Ақжайық ауданы орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ақиық ақын Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, КСРО және ҚР мемлекеттік сыйлықтарының иегері, қоғам қайраткері  Жұбан Молдағалиевтің туған күніне орай «Қазақ барда Жұбан рухы мәңгілік» атты поэзия кеші өтті. Соңынан жұбантанушы, ардагер-ұстаз, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Үзілдік Елеубайқызығының жаңа кітабының тұсауы да кесілді.

9D5DF348-2CF8-4F67-8A88-2259B6A84EA1

Ақынның туған күніне орайластырылған шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, педагогика ғылымының кандидаты, қалалық мәслихат депутаты Светлана Бахишева, ҚР мәдениет саласының үздігі, Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Шолпан Оразаева арнайы келді.

Шараға қатысушылар ақынның рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоғын қойды. Осында Арман Шыңғали Жұбан Молдағалиевтің «Анкетама қосымша» атты өлеңін жалындата оқып, Дана Құбайтова «Жесір тағдыры» поэмасынан үзінді келтірді. Ү.Елеубайқызы ақиық ақынның туған күніне арнаған туындысын көпшілікке тарту етті. Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған әндер шырқалды.

Осыдан соң ақын, жерлесіміз Үзілдік Елеубайқызы көпшілікке «Халық батыры-Жұбан» атты жинағын таныстырды. Тұсаукесер рәсімінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов кітап авторының ауданның мәдениет пен білім саласына сіңірген еңбегі айтулы, ұрпаққа үлгі өнегелі істерінің көп екенін айта келіп, жерлестерінің ықылас-тілегі ақтарылған алғыс хат тапсырды. Одан соң осы кітаптың басылып шығуына С.Бахишева бұл жинақта  Жұбанның өнегелі істерімен қатар ұлты үшін жасаған ерліктері жазылғанын, сонымен қатар ардагер ұстаз Жұбанмен қатар талай жыр саңлақтарын талбесігінде тербеткен Сайқұдығын әсте қадірлеп, әр тасы мен адамдарын кітап мазмұнына арқау еткенін баяндай отырып, бұл басылымның өскелең ұрпаққа және оларға білім беретін ұстаздарға құнды деректер бере алатынына сенім білдірді. Ш.Оразаева, ақын, еңбек ардагері Тілес Жазықбай кітаптың тұсаукесеріне ақжарма тілектерін жеткізді.

Ақын Қазақстан ақын жыршылар Одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев Үзілдік Елеубайқызының өнердегі үзеңгілес жолдасы ретінде оның әділдігі мен турашылдығын айтып, нәзік жанды болса да, шенділердің елге қарай бет бұрып, мұң-мұқтажына құлақ түрдірте алатын ерге тән мінезін дәріптеді.

Жайықтың төл перзентіне кітап арнаған Ү.Елеубайқызы жүздесуде өзін қолдаған барша жанға алғысын білдіріп, Жұбан ақынды қастерлейтін, оның шығармашылығын ұлықтайтын елі барда ақынның рухы асқақтай беретінін айтты. «Бұл жинақ бізге емес, желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қызға керек. Олар өзінің туған жерімен, Алашқа ортақ Жұбанымен мақтануы тиіс. Отансүйгіштік, рухани байлық деген, міне, осыдан басталады», – деді ол.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале