3.11.2021, 9:58
Оқылды: 61

Ақынын ардақтаған ел бақытты

Жуырда аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен және Жаңақала мектеп гимназиясының қолдауымен «Айтарым бар» атты Салтанат Жанғалиқызының авторлық жобасы өтті.

1

Кездесу кешінің қонағы есімі елге таныс қаламгер, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын әрі журналист Амангелді Шахин болды. 7 сынып оқушылары екі қатарға тізіліп, ақын ағаларын үлкен қошеметпен қарсы алды. Ақын ағамыздың елді сағынғанын, туған жерге табаны тигендігіне қуанған сәтін қырағы көзіміз байқап, фотоаппаратымызға таңбалап та алдық.

Қаламгер ағамыздың «Мәңгі көктем» («Жазушы», 1999) деген атпен тұңғыш жинағы шыққан. «Сол бір сүргін», «Езуіңді жи», «Жайсаңдары-ай Жайықтың» (2005) атты өлеңдер, әзіл әңгімелер, әндер жинағы жарық көрген. 2009 жылы Оралдағы «Ағартушы» баспа-полиграфия орталығының баспаханасынан «Жарқ еткен дәурен» деген атпен шығармаларының таңдамалы жинағы шыққан.

«Өзге емес өзім айтам» деген бөлімде жазушы ағамыз өзінің өмір жолымен таныстырып, жүріп өткен жолдарына қысқаша тоқталып өтті. Одан кейінгі бөлімдерде оқушылар сұрақтарын қойып, ақын шығармашылығынан бірнеше өлеңдерді жатқа оқыды.

2

- Айналайын, жастар! Осы әдеби шараға шақырған Салтанат қарындасым, және осындай кештің өтуіне атсалысқан қызметкерлер, бәріңізге үлкен алғыс білдіремін. Өте толқып отырмын. Бізді іздейтін артымызда жерлестерім, туған елім бар екендігіне марқайып қалдым. Журналист болсам, ақын болсам деген арманның жетегінде жүріп біраз дүниелерді атқарыппыз. Оған ел куә, қалың оқырман куә. Біраз жылға жасарып қалғандаймын. Сіздерді көріп, емен-жарқын әңгімелесіп отырғанымның өзі мен үшін үлкен мәртебе,-деп тебірене сөйледі А.Шахин.

4

Еркін форматта өткен кездесу кешінің соңында ақын әрі журналист Закария Сисенғали сөз сөйлеп, бірге жүрген, қызметтес болған жылдарын сағынышпен еске алып, ақын ағасына ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тіледі. Аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Ғазиза Бекжанқызы алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етсе,  Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Айбар Негаев ұжымы атынан алғыс хат пен ескерткіш сыйлық берді.

3

Көрген жанның санасында ұзақ сақталар бұл кештен оқушылар рухани азық алып, бағыт-бағдарын дұрыстап алды деген үміттеміз...

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале