12.12.2025, 15:45
Оқылды: 252

Ақжайық аудандық балалар шығармашылығы орталығының құрылғанына 20 жыл

Жиырма жылдың ішінде бұл орталық талантты өренге қанат бітірген өнердің тұтас ордасына айналды. Осы датаға орай өткен аптада аудандық мәдени-демалыс орталығында «Сан қыранды самғатқан алтын ұя» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Осында жиналғандар алдымен аталған ұжымның жұмыстарына арналған көрмемен танысты.

IMG_1080

Шымылдық шығармашылық орталық қызметкерлері сахналаған шағын көрініспен ашылды. Сөйтіп зал толы көрермен алуан өнердің ғажайыбына, тылсымына терең бойлады.

Осыдан кейін өнер ордасының жылдар жүзінде жеткен жетістіктерін паш еткен бейнебаян көрсетілді.

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, қонақтар! 20 жыл қатарынан орталық жас ұрпақтың талантын шыңдап, өнер мен білімге қызығушылығын арттыруға зор үлес қосып келеді. Қосымша білім беру саласын дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басым бағыттардың бірі. Бүгінде ауданымыздағы 3 қосымша білім беру орталығында 2068 бала білім мен өнердің сан қырын меңгеріп жүр. Оларға 76 педагог жетекшілік етеді. Өңірлік, республикалық, халықаралық деңгейде топжарған өрендеріміз қаншама?! Балалар шығармашылық орталығының Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясына қабылдануы – ұжымның кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі. Орталық ұжымын, барша түлектер мен шәкірттерді 20 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Ұжымға шығармашылық табыс, балаларымызға жаңа белестер тілеймін, – деді  аудан әкімі Мұрат Сердалин.

Осыдан кейін ол сала мамандарын марапаттады. Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен «Фотостудия» үйірмесінің жетекшісі Сәкен Әбілхайыров, әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Бақыт Абдолова, бұқаралық бөлімнің меңгерушісі Ақмарал Бекетаева, «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Досжан Бижанов «Кескіндеме» үйірмесінің жетекшісі Данияр Ізбасаров, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Минегүл Қажкенова, «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Алтынай Көшімова, «Дарын» би ансамблінің жетекшісі Гүлден Оңғар, «Изоталант» үйірмесінің жетекшісі Қайсар Сисенғазиев марапатталды. Сондай-ақ бір топ қызметкер аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен  қошеметтелді.

Шарада «До-ре-ми» вокалдық ансамблі, домбырашылар ансамблі, Үлгілі «Дарын» және «Балауса» би ұжымдары, жас өнерпаздар және басқа да қатысушылар концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шығармышылық орталықтың  қысқаша тарихына тоқтала кетсек. 2005 жылы құрылған балалар шығармашылық орталығы – бүгінде аудан оқушыларының қабілетін ашатын, өнер мен білімді ұштастыратын облысымыздағы жетекші білім және өнер ордаларының бірі.

Бастапқы жылдары ауданның 37 мектебінде түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, оқушылардың 52 пайызы қамтылды. Бүгінде 17 бағытта 73 үйірме жұмыс жасап, жүздеген бала өнер, техника, ғылым салаларында өз қабілетін жетілдіруде. Педагогтар кәсіби санаттарын көтеріп, модератор, сарапшы, зерттеуші деңгейлеріне көтерілді.

Орталықтың оқушылары жыл сайын республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер атанып келеді. Әсіресе халықаралық Дельфий ойындарындағы жетістіктері зор. Фотостудия жетекшісі Сәкен Бауыржанұлының шәкірттері 2006-2025 жылдар аралығында бірнеше алтын, күміс, қола медаль иеленді. Данияр Нұрболатұлының суретке шебер шәкірттері халықаралық додаларда бірнеше мәрте үздік шықты. Балалар шығармашылық орталығының үйірмелері Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеттерінде өткен халықаралық байқауларда да жүлделі орындар алды. ЮНЕСКО халықаралық жобаларына қатысқан оқушылардың жұмыстары арнайы кітап жинақтарына енді, Париж қаласындағы көрмеге қойылды.

Робототехника бағыты да қарқынды дамуда. Биыл Ералыхан Сағындықұлы мен Серік Бақдәулет облыстық байқауда бас жүлде алып, «Robotecһ Grand Tournament» халықаралық жарысында ІІІ орынға ие болды.

IMG_1128

«Балауса», «Дарын», «Ай-Дарын», «Шырайлым» би ансамбльдері облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда аудан абыройын асқақтатып жүр. Орталық педагогтары еңбегінің нәтижесі – көптеген шәкірт шығармашылық пен өнер жолын таңдады.

Ұжым Орал қаласындағы бірқатар шығармашылық ұйымдармен меморандум негізінде тәжірибе алмасып, кәсіби ынтымақтастықты нығайтып келеді. Сонымен қатар 2008 жылдан бері орталыққа тиесілі «Ақ шағала» жазғы лагері балалардың демалысын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып келеді.

Аида Асылбек

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале