Бүгін Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында осы ауданды он жыл бойы басқарған Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері Кенжебек Меңдәлиевтің туғанына 110 жыл толуына орай «Жайықта қалған жарқын із» атты еске алу шарасы өтті.
Өз кезегінде Казталов ауданының әкімі Асыланбек Сарқұловтың тікелей ұсынысымен жүзеге асырылған еске алу шарасының «Жайықта қалған жарқын із» деп аталуы да өте орынды бағаланды.
Шараға келген қонақтар алдымен Жұбан ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жалынды ақын рухына тағзым етті. Одан кейін аудандық мәдени-демалыс орталығында жан-жақтан жиналған меймандарға кең көлемде әзірленген түрлі деректерге толы көрме ұсынылды.
Чапаев ауданын Кенжебек Меңдалиев басшылық еткен жылдарда аудан еңбеккерлерінің мерейі асқақтап, соның нәтижесінде ауданға Қазақстан Компартиясының облыстық комитетінің ауыспалы Қызыл Туы табыс етіліп, Кенжебек Меңдәлиев Ленин орденімен марапатталды. Осындай қажетті деректерді келтірген аудан әкімі Мұрат Сердалин шараға қатысушы қонақтарға қош келдіңіздер айтып, еске алу кешінің бүгінгі ұрпаққа ұлағаты мол екенін атап өтті.
Кенжебек Меңдәліұлындай қоғам қайраткерінің қызмет жолын еңбек ардагері Құрман Бисенғалиев толық баяндап өтсе, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев, бірге қызметтес болған, еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов, кітап авторы Дариға Мұштанова, Аманғали Қайсағалиев өз естеліктерін ортаға салды. Текті азаматтың қайраткерлігі жөнінде экраннан «Еңбегі ерен ер еді» деректі фильмі көрсетілді.
Осыдан кейін ақын, жазушы, ардагер-ұстаз, Дариға Мұштанованың Кенжебек Меңдіәліұлына арнаған «Кенжақаң» кітабының таныстырылымы өтті. Шара барысында ұрпақтарының атынан сөз алған қызы Дина Кенжебекқызы әкесінің туған жеріне, елге қалтқысыз еткен қызметін ешқашан естен шығармағанын тебірене еске алды. Аудан жұртшылығы атынан Дариға Мұштанова мен Кенжебек Меңдәлиевтің екі қызына естелік сыйлықтар тарту етіліп, айтулы шара соңы «Ақжайық әсем әнімсің» әнімен қорытындылады.
Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы