14.09.2023, 16:00
Оқылды: 99

Ақжайық ауданы: киіктің мәселесі ушығып тұр

Ақжайық ауданындағы «Мұқадес» қожалығы – облысымызға танымал іргелі шаруашылық. Қожалықтың иесі Ақылбек Сағитов кәсібін жылдар жүзінде ширатып, заманауи технологияларды ауыл шаруашылығында ұтымды пайдаланып жүргендердің қатарында.

Суретті түсірген фотограф Мейірбек Тажқұранов

Суретті түсірген фотограф Мейірбек Тажқұранов

«Бірақ соңғы жылдары шектен тыс көбейген киік қыр басындағы тірлігімізге орасан зор зардабын тигізіп отыр» деген ол осы мәселені реттеуге үкіметтің тегеурінді әрекеті қажет екенін айтты.

– Қожалықтың жері Ақсуат және Ақжол ауылдық округтеріне қарайды. Жылдар бойы асыл тұқымды мал басын көбейтуге ден қойып, ауа райына тәуелді болмау үшін жаңбырлатып суаратын техника сатып алдым. Бірақ қомақты қаржы шығарып, сатып алған осы құрылғының игілігін көре алмай отырмын. Биыл екпе шөп өсіруге ыңғайланып, 300 гектар жерді қоршап, алдын ала қамданған едім, бұл мақсатымның күлін еркін жайылған киіктер көкке ұшырды. Қоршауды бұзып кірген мыңдаған киік бас-аяғы бір аптаның ішінде шөп егуге дайындаған танапты айтақыр етті. Бірнеше жыл қатарынан орын алған қуаңшылықтан бір зардап шексем, енді екпешөп отырғызуға да мұрша бермейді тағы жануар, – дейді шаруа.

Ақылбек Сағитовтың шабындық пен жайылым кіретін 5 000 гектар жерді электр бақташымен қоршағанына да көп бола қойған жоқ. Емін-еркін жайылатын дала еркесіне бұл тосқауыл ма? 12 млн. теңгеге сатып алынып, қыстақтың айналасын қоршай орнатылған электр сымдарын бұзып-жарып, шаруашылыққа тиесілі жерді тапап өткен. Шабындықтан жыл сайын иелігіндегі малына жетерлік шөп жинап алып, артығын сатып, нәпақа тапқан дала еңбеккері киіктен қалған шөпті қанағат етуге мәжбүр.

– Ақсуат ауылдық округінде жеріміздің үштен бірі жатыр. Мұнда 5 000-нан астам киік жүр. Ал Ақжол ауылдық округінде мүлдем көп – 10 мыңдай. Ол жерде мен жалғыз емеспін: «Нығмет», «Алмас», т.б. иеліктер бар. Бұрындары мұндай қиындық болмайтын, бірен-сараны жайылып жүргенін көзіміз шалып қалатын еді. Биыл киіктің көптігінен жерімізден қысқа жетерлік шөп жинай алмай қаламыз ба деген қауіп бар, – деген А.Сағитов киік санын реттеу мемлекеттік деңгейде әлі де тыңғылықты қарастырылып, шешілуі керек деп есептейді.

– Аулауға рұқсат берді, бірақ оның етін қайда өткіземіз? Ет өңдейтін комбинаттар киіктің етін алуға құштар емес, өткізетін орын жоқ екенін алға тартады. Ауылдағы ағайын малын өткізер жер таба алмай жүргенде, киікті қалай пайдаға жаратамыз? Алаңдатар сұрақ көп, жауапты ести алмай отырмыз. Негізінде киіктің қайырын сол жерде тағы малдан зардап шегіп отырған қарапайым халық көру керек. Малшыларға киіктің кесірінен келген шығын шаш етектен екені белгілі ғой, - дейді ол.

Ақжайық аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, осындағы Жамбыл, Алғабас, Алмалы, Қабыршақты, Жаңабұлақ, Бударин, Ақжол, Ақсуат округінде орналасқан 46 шаруа қожалығының 144 435 гектар жерін киік тапаған. Соның 139 542 гектары жайылым болса, 4 893 гектары – шабындық.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген кестеге сәйкес кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі келтірілген шығынды есептеп шығыпты.

Есепте, орташа есеппен алғанда, аумағында киік жайылған шаруашылықтарға қысқа 35 280 тонна шөп қажет екені көрсетілген. Шөптің әр тоннасын 24 мың теңгеден есептеген мамандар шаруаларға 846 млн. 732 мың теңге залал келтірілгенін айтады.

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале