10.12.2025, 15:15
Оқылды: 8

Ақжайық ауданы: Түлектер туған жерге ерекше тарту жасады

Ақжайық ауданы, Қабыршақты ауылындағы Бітік «мектеп-бөбекжай» кешенін 2011 жылы аяқтаған түлектер туған жеріне ерекше тарту жасады. Құрдастар ауылға кіреберіс жол бойына шағын сәулет нысаны арканы орнатып, туған жерге деген құрметін осылайша білдірді. Ауылдағы ағайының қуанышын бөлісуге аудан әкімі Мұрат Сердалин арнайы барып, еңселі нысанның ашылу  салтанатына қатысты.

IMG_1463

– Бүгін – Қабыршақты ауылы үшін маңызды күн. Кіреберіс жол бойына орнатылған сәулет туындысының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Осындай ерекше сыйды түлектердің туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен жанашырлығының айқын көрінісі деп лайықты бағалауымыз керек. Игі іске ұйытқы болған мектеп түлектеріне ел атынан алғыс айтамын. Бұл жарқын бастама кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Ауылымыз көркейе берсін, жақсылық жалғаса берсін, – деді аудан басшысы.

Осында Мұрат Амангелдіұлы түлектерге өзінің алғыс хатын табыс етті.

IMG_1446

Ауыл ақсақалы Ерсайын Биятов қабыршақтылықтардың атынан риясыз көңілден алғысын жаудырса, түлектерден Асланбек Ізбасаров сөз алып, осы істі өзге де түлектердің іліп әкетсе, атамекен ауылдың ажары үстелетінін айтты. Салтанатты шарада еңбек ардагері Айжарық Сисенғалиев пен  түлектердің ұстазы Шолпан Мырзағалиева арканың лентасын қиды.

Кездесуде сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев болды.

Арканың ауылға кірер бетінде «Қабыршақты», шығар бетінде «Сәтті сапар» деген жазулар жазылған. Сәулет нысанының ені – 9 метр, биіктігі – 5,5 метр. Жобаны жүзеге асыру үшін құрдастар 2 миллион теңге шығарған.

Айжан Ақыл,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале