Халықты таза ауыз сумен қамту – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Ақжайық ауданы тұрғындарының 98 пайызы таза ауыз суды тұтынып отыр. 45 елді мекеннің 38-не тіршілік нәрі су құбырлары арқылы жеткізілсе, 6 елді мекенде кешенді блок модульдер орнатылған. Тоған ауылына блок-модуль орнату осы жылдың еншісінде.

Былтыр ауылдарға су жүйесін тарту бойынша аудан көлемінде біркелкі жұмыстар атқарылды. Мысалы, Қабыл және Тінәлі ауылдарында тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалып, су құбыры жеткізілсе, Үштөбе ауылында 2 дана кешенді блок-модуль орнатылып, таза ауыз су жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, Қабыршақты ауылында су құбыры жер асты су тартылып, нысан толықтай іске қосылды.
Аудан орталығы Чапаев ауылында су құбырын қайта жаңарту жұмыстарын «Таир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыспалы жоба ретінде жүзеге асыруда. Қазіргі таңда 4 ұңғыма аумағына электр тоқтары тартылып, 4 ғимараттың құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 4 трансформатор орнатылып, сорғы станциясына электр тоқтары тартылды, станция ішіндегі құбырлар жаңартылып, 1 ұңғыманың аумағы қоршалды. Әрқайсысының сыйымдылығы 1000 текше метрден болатын 2 дана су қоймасы, сыйымдылығы 500 текше метр 1 су қоймасы, сыйымдылығы 50 текше метр су айдайтын 2 мұнара орнатылды.
Жобада көзделген 133,3 шақырым құбырдың 120,6 шақырымы төселсе, 843 құдықтың 743-і қазылды. Операторлық ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Осыларды есепке алсақ, жұмыс ауқымының 80%-ы атқарылған. Биыл 12,7 шақырымға құбыр төселіп, құдықтардың ішіне арнайы қондырғылар орнатылып, қосымша 100 құдық қазылуы керек.
Бір мәселе – құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізбей, құрылыстың тапсыру мерзімінен кешігіп жатыр. Сондықтан мердігер компаниямен орын алған келеңсіздіктер бойынша сот ісі жүруде.
Сонымен қатар, іске қосылғанына 15 жылдан асқан Қарауылтөбе, Тайпақ, Алғабас, Алмалы ауылдық округтерінің су құбырларының жобаларын жасақтауды қолға алдық. Бүгінгі күнде Қарауылтөбе ауылының су құбырын қайта құру құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзір, сараптамадан өткізуге құжаттар дайындалуда.
Тұрғындарды ауыз сумен қамту, ескірген су жүйелерін жаңарту бойынша жұмыстар алда да жалғасын табады.
Мұрат Сердалин,
Ақжайық ауданының әкімі