Ақжайық ауданына жаңа қазақ әліпбиінің емле-ережелерін түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне түсіндіру мақсатында тіл ғалымдары келді.
«Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле-ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбында өткен шараға тұрғындар, зиялы қауым өкілдері, білім саласы қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада бірқатар мамандар заман талабына орай орын алып отырған бетбұрыстар хақында әңгімеледі. Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев латын әліпбиіне көшу еліміздің заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, қоғамның алға жылжуына зор септігін тигізетінін айтты. Сонымен қатар ол ауданымызда осы бағыттағы жұмыстар бойынша нақты жоспарлар бар екенін жеткізді.
Шараны жүргізген Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Салауат Кәрімов ғалымдардан құрылған дәл осындай ақпараттық-насихат топтарының еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүргенін айтты. «Негізгі мақсатымыз – латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиін жүйелеуде, емле-ережелерін жасақтаудағы атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды насихаттау. Сонымен қатар көпшілік талқысында көп айтылатын жаңа әліпбиіміз туралы халықтың да ұсыныс-пікірін білу»,-деді ол.
Латын графикасына көшу бұл қазақ тіліне реформа жасаумен бірдей. Тілдік реформалар арқылы сауатты, қатесіз жазу өте-мөте маңызды болып табылады. Графикасы жетілген, стандартталған әдеби тілі бар, сондай-ақ қолданысқа икемделуі тілдің даму заңдылықтарының басты белгілері ретінде айтылады. Яғни, әліпбиімізді заманға икемдеу болашаққа даңғыл жол ашатыны анық.
Мысалы, кирилл әліпбиінің кезіндегі құлдық психология, сол кездегі жат дыбыстар әсерінен бұрмалуға түскен саф алтындай сөздік қорымыз көп жайттан хабар береді. Осы орайда елін бодандық құрсауынан құтқару үшін араб әліпбиін жасап шыққан Ахмет Байтұрсынұлы сынды қайраткерлерге қашан да қарыздармыз. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов айтты. Ол бұл емле-ережелердің әлі де жоба екенін, әлі де сан өзгеріске түсетінін айтты.
Жиырма бес ғасырлық тарихы бар латын графикасына көшудің еліміз үшін пайдасы орасан зор екені белгілі. Енді осыған кезең-кезеңмен көшудің жұмыстары әрине, оңай емес. Осы орайда ғалымдардың жауапкершілігі ерекше рөл ойнайды. Латын графикасы бекітілгеннен кейін ұлттық комиссияның жанынан орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, ақпараттық сүйемелдеу жұмыс топтары құрылып, жұмыстануда. Мысалы, орфографиялық жұмыс тобы латын әліпбиі негізінде емле-ереженің жобасын жасаған.
Қазақ тілінің әлеуеттік қорын кең қамтып, базалық нормаларды сақтай отырып, тәжірибеге қолданылуын қадағалайтын жұмыс тобының атқарып жатқан істерін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақова баяндады. Ұлттық емленің жаңалығы мен дәстүрі, осы графиканың әлемдік жазу тәжірибесіне сүйене отырып жасаған жаңа әліпбидің емлесінен мысалдар келтіріліп, жұртшылыққа ұсынылды.
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев жаңа әліпби негізінде әзірленген емле-ережелерінің мазмұны мен құрылымын түсіндірді.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!