Халқымыз байырғы заманнан қолөнерді рухани байлық, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз деп бағалаған. Оны тек жұмыс немесе шеберлік деп қарамай, қолөнерімізге бар ұлттық құндылықтарымызды дарытып, соның мәнісімен ұрпақ тәрбиелеген. Бүгінде қолөнер бұйымдарына сұраныстың артып келе жатқаны айқын байқалады. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері кезінде кенжелеп қалып, ұмытыла бастаған өнердің осы саласына жан бітті. Сондықтан бүгінде ісмерлікті кәсіп етіп, табысқа кенеліп жатқан жандар жетерлік. Алайда әркімнің мүмкіндігі әртүрлі, қалай бастарын білмей, үйде отырған адамдар да бар. Осыған орай жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығында ұлттық қолөнерге машықтанып, кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектерге арналып, «Әйел. Қоғам. Бизнес» атты шеберлік сағаты өтті.

Қолөнерге икемі бар нәзік жандылар уағдаласқан уақытқа жиналды. Алдымен олардың тілектерін құптап, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова сөз сөйледі.
– Күні кеше Тайпақ ауылында іскер әйелдердің ауқымды форумы өтті. Сол шарада шеберлігімен бизнесте өзінің орнын тапқан талай апа-сіңлілеріміз табыс хикаясының сырын бөлісті. Бүгінгі басқосуымыз да соның заңды жалғасы іспеттес. Себебі екеуінің де мақсаты ортақ – ауданда кәсіпке бет бұрған әйелдердің талпынысына септесу, қолдау көрсету. Белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтің нақылға айналған сөзі бар: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Бесіктің иесі әйел екені әуелден мәлім. Әйел-ананың қоғамда мәртебесі биік болса, демек, қоғамның биік тұғырда тұрғаны. Қандай іспен айналысамын десеңіз де, қазір қолдау молынан. Әсіресе мемлекеттің қолдауды тиімді пайдалана білген жөн. Мұндай басқосу алдағы уақытта да жалғасады. Әр жылы 8 наурыз қарсаңында ауданның нәзік жандыларының жетістіктерін, бағындырған белестерін айшықтайтын журнал шығаруды да жоспарладық, – деді Зәйлім Исатайқызы.
Осыдан соң Орал қаласынан бұл шараға арнайы шақыртумен келген «Жарқынай» дизайн студиясының жетекшісі, «Қолөнер әлемі» орталығының негізін қалаушы Жарқынай Рахметқызы өз тәжірибесін бөлісті.
– Бастапқыда кәсіпке келгенде, менің қолымда бары тек енемнен қалған тігін машинасы болатын. Бес баланы асырау керек, үйде қарап отыра алмадым. Дүкеннің бір бөлмесін жалға алдым. Сол тігін машинасы 2 жыл бойғы жұмысымда сенімді серігім болды. 2017 жылы 250 мың теңге грант ұтып алған соң, кәсіптің аясын кеңейтіп, тоқпен жұмыс істейтін жаңа тігін машинасын сатып алдым, сондай-ақ көмекші етіп екі келіншекке жұмыс бердім. Жәрмеңкеге бұйымдарды шығарып, содан тапсырыстар түсе бастады. Бастысы – мақсат, тілек, ниет, талап. Мақсат қойып, сол мақсатыңа қарай күн сайын бір қадам болса да адымдай берсең, тілегің орындалады. «Шебердің қолы ортақ» деп тегіннен тегін айтпаған. Бүгінгі шеберлік сағатта қолөнердің қарапайым техникасын сіздерге таныстырып, тәжірибемді бөліссем деген ниетпен келіп отырмын ортаңызға. Негізін ұғынып алсаңыздар, небір әдіс-тәсілдерді, ою-өрнекті ғаламтордағы курстардан тез меңгеріп алатындарыңызға сенімдімін, – деді Ж.Рахметқызы.
Шеберлік сағатына дәріс ала келген бұл шебердің аты еліміз, алыс-жақын шетелдерге танылған. Мысалы, Астана, Алматы, Атырау және Ресей Федерациясының Орынбор, Самара қалаларында шеберлік сабақтарын өткізіп, қазақы нақышта киім-кешек, бұйымдар жасаудың техникасына баулып жерген оның қолөнер туындылары республикалық, халықаралық деңгейдегі көрме-фестивальдердің талай мәрте төріне қойылды. Қазір өз студиясында шеберлік сабақтарын өткізеді.
Шара барысында қолөнердің қыр-сырын кеңінен түсіндірген шебер қазақтың әр киімінің өзіндік мәнісі, оның киюдің де реті бар екенін айтты. Айталық, бес жастағы қыз тақия кисе, ұзатылған қыздың сәні – сәукеле, сәбилі болған ананың ажарын кимешек ашады. Жас келіншектің кимешегіне моншақ тағылып, күміс әшекейлермен әрленсе, орта жастағы келіншектің бас киімі солғын реңкті сары, жасыл, қызыл ою-өрнектермен әсемделген. Самайын қырау шалып, жасы егделенген шақта кимешегі ақ немесе сарып жіппен сырылып қана өрнектелген екен. Тарихтың таңбасындай болған ою-өрнектерді де оңды-солды қолдана беруге болмайды. Айталық, әр оюдың өзіндік мағынасы бар, ырымға сай бедерленуі керек, сондықтан бас киімді әрлейтін оюларды аяқ киімге салуға болмайды.

Шебердің айтқанына сүйенсек, қазір сапалы жүнді табудың өзі қиынға соғып барады. Бұл жүн жоқ деген сөз емес – көп-ау, бірақ сапасы сын көтермейді. Ж.Рахметқызы жүнді арнайы Тасқала ауданынан алдыртады екен. Қазір көпшілік қойды жылына бір рет қырқады, әрі бабаларымыздың әдісі тоғытуға да ұмыт қалып барады. Салдарынан жүн сапасыз болып, дұрыс түтілмейді.
Шарада ұлттық қолөнерді табыс көзіне айналдырған жергілікті кәсіпкерлер Зухра Құсайынова, Ақтоты Аймұқашева, Жаңыл Шәкірбаева да тігін шеберлігінен дәріс өткізді. Сондай-ақ Оралдан келген Қазира әжей жас қыздарға ұршық иіруді үйретті. Дәлірек айтсақ, шеберлер шәркей, шашбау жасау, жіп иіру, тақия, кимешек тігу технологиясын басынан аяғына дейін көрсетті.
Аида Асылбек
Ақжайық ауданы