Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел экономикасының қайта түлеп, тұрақты даму қарқынына ілесуі, қоғамды демократияландыру үдерістерінің жедел дамуы кезеңінде маңызды қоғамдық-саяси мәселелерді шешуде алдыңғы қатардан көрінуде. Қоғамның этностық ресурсы ел экономикасын дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және Қазақстан қоғамның рухани мүмкіндіктерін дамытуға бағытталып отыр. Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының аумақтық семинар жиналысында осы жайында кеңінен қамтылып, бүкіл тәжірибені байыту туралы баяндалды.
Алқалы бас қосуға Ақжайық және Қазталов аудандарының құқық қорғау саласының өкілдері, ауылдық округ әкімдері, кәсіби емес медиаторлар, Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық келісім кеңестері, этномәдени бірлестіктер өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.
-Халықтар достастығы мен ұлтаралық келісім – басты байлығымыз. Осы бір жарқын көрінісі сол, ауданымызда 21 ұлт, ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ұлтаралық және конфессиялық татулықты насихаттау бағытында ҚХА-ның аудандық бастамашыл тобы жұмыс жасауда. Оның 5 мүшесі - БҚО ҚХА кеңесінің құрамында. Қоғамдық келісім кеңестері жоспарға сәйкес, өз жұмыстарын атқаруда. Славян өкілдерінің басын қосқан «Радуга» ұлттық мәдени орталығы бейбітшілік, татулық, достыққа өздерінің белсенділігімен елеулі үлес қосуда.
ҚХА елімізде медиация қозғалысының өрістеуіне де бас-көз болуда. Мұның мысалы бізде де бар. Беделді медиаторларының қатысуларымен бірқатар қылмыстық және азаматтық істер бітімгершілікпен аяқталды. Ағымдағы жылдың жартыжылдығында 30-ға жуық іс, 22-ден астам қылмыстық іс медиация заңы негізінде шешілді, - деді өз сөзінде Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.
Бұдан әрі ол ҚХА-ның аудандық бастамашыл тобы, медиаторлар, қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, этномәдени бірлестіктер, аналар және ардагерлер кеңестерінің төрағалары әрдайым Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласын кеңінен түсіндіріп, достық, тұрақтылық қатынастарды қалыптастыруда белсенділік танытарына зор сенімін білдірді.
БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов этномәдени бірлестіктермен жұмыс, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысы туралы айтты. Айталық, аталған қозғалыс қыз-жігіттерді жаңа қырынан танытуға және жаңа жобалар ұсынуға бағыт алды.
«Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдық бөлімшелерінің жұмысы туралы баяндады. Ол қоғамдық кеңес отырысында діни экстремизмге қарсы тұру, отбасы әлеуетін дамыту, жұмыссыздық мәселелері, жерді пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, т.б. қаралған мәселелердің орындалуы барысын тілге тиек етіп, солар бойынша нақты істерді атады.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласын талдау және моноторингілеу бөлімінің басшысы Әсия Жумина облыстық ассамблея қызметін сараптамалық қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлестіктің қазақстандық моделін насихаттау хақында басым айта келіп, этносаралық қатынастар саласында аналитикалық және моноторинг жұмыстарын ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторы, БҚО медиаторлар одағының төрайымы Алуа Рахышева ҚХА-ның жаңа бағыттарының бірі – медиацияны қыр-сырына тоқталды. Медиация тек сот жүйесін жеңілдетіп, оны «қажетсіз» даулардан босатып қана қоймайды, мұндай дауларды келешекте азайтуға көмектеседі. Статистикаға сәйкес, бұл тәсіл араласқан даулардың 80%-дан астамы тараптардың татуласуымен аяқталып келеді. Алайда медиация туралы халықтың хабардарлығы жеткіліксіз, оның әлеуетін толыққанды пайдалануға әлі қол жетпегенің ол атап көрсетті.
-Мен қоғамдық негіздегі медиатор болып, төрт жылдан астам жұмыс істеп келе жатырмын. Дүние мүлкінің ұрлануы, отбасылық даулар, жылжымайтын мүлік сатып алу және сату сияқты мәселелер бойынша адамдар түрлі сұрақтармен келіп жатады. Көптеген жағдайда дау-дамайлар оң шешімін тапты, - деді чапаевтық еңбек ардагері Жігербай Қажығалиев. Ол өз сөзінде жұмыс бөлмесіне мұқтаж екенін айтты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың идеясымен құрылып, бүгінде баламасы жоқ бірегей институтқа айналған ҚХА-ның орны еліміз үшін ерекше бөлек. Көпэтносты, көпконфессиялы республикада стратегиялық міндеттерді топтасу, бірлесу және жұдырықтай жұмылу арқылы алда тұрған міндеттерді ойдағыдай іске асыру тұр. Аталған бас қосудағы әңгіме осылай түйінделді.
Нұрсұлтан АСҚАР
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген
Нұрбек ИХСАН
zhaikpress.kz