Уақыт қаншама жүйрік болғанымен, ауыл-ел тірлігіндегі қолтаңбасы ерек жандардың еңбегін ұмыттыра алмайды. Тарихи сана, ұрпақтар сабақтастығы үшін мұның маңызы айрықша. Ақжайық ауданының орталығында еңбек ардагері Ұмсындық Хайрошқызымен өткен жүздесу соның бір жарқын мысалына айналды.
Қазақ Мемлекеттік қыздар институтының музыка факультетін тәмамдағаннан ол қызметін руханиятқа беріле арнады. Бұрынғы Тайпақ ауданында музыка мектебінің ашылуына алғашқы болып атсалысып, басшылық тізгінін берік ұстап, ауылдарда филиалдарының өмірге келуіне де айтулы үлесін қосты. Жүздесуде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызының: «Алғашқы» деген – тарихта қалады деген сөз. Апамыздың бүкіл ісінен өнер қуатын жас ұрпаққа дарытуға деген мақсаткерлігін, рухани дәулетті жүрегімен сезінуді көреміз», – дегені де сондықтан. Ол Ұ.Хайрошқызының Чапаев музыка мектебіне директорлық жұмысы кезінде де қошеметке бөленгенін, қоғамшылдығын, көркемөнерпаздық қозғалыстың ортасында жүргенін атап көрсетіп, ғұмырдарияда 70 жасын қарсылаған анаға, әжеге аудан әкімі Мұрат Сердалиннің құттықтау хатын, естелік сыйлықтарын тапсырды.
Еңбек жолында өмір құбылыстарының, өрісті жаңалықтардың қалың ортасында жүріп, ғасырлар тоғысында алғаш рет Ақжайық телестудиясының ұйымдастырылуына да ерік-жігерін арнаған оның кішілік мінезі, төңірегіне жақсылық жасауға деген шексіз пейілі туралы айтылды. Нағыз ұстаздар жан-жағына жарығын түсіріп жүреді. Музыка мектебі вокал сыныбының шәкірті Әлихан Баймағамбетовтің «Ұстазыма» әнін әуелеткені мұны әйгілей түсті. Мерейгерге аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Максим Үмбеталиев, білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Шәмшия Жиенбаева, музыка мектебінің директоры Руслан Есеналиев риясыз қошемет көрсетті. Облыстық білім басқармасынан, аудандық білім бөлімінен, мекемелерден де сый-сияпаттар табыс етілді. Ауданымыздың Құрметті азаматтары: жұбантанушы ұстаз Үзілдік Елеубайқызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев, Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов, Тайпақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранбай Қыдырғожин, бейнебайланыс арқылы Ұ.Хайрошқызының курстастары шын жүректен лебіз-тілектерін арнады.
– Біз осындай жандармен мықтымыз. Бүгінгі кездесу ауыл-еліміздің тарихына, оның тағдырына деген құрмет болып табылады, – деді шараға қатысқан Орал қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов. Ол Ұмсындық Хайрошқызына БҚО ардагерлер кеңесінің «Батыс Қазақстан облысының Құрметті ардагері» төсбелгісін тапсырды. Шаһардағы қос бірдей өнер ұжымының: «Асыл әжелер» ән тобы мен «Бабалар үні» оркестрінің мүшесі Ұ.Хайрошқызы сынды үлкендердің жастар тәрбиесіне ықпалы, өнегесі жайында Оралдағы Ақжайық ауданы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы Жанат Сағынаев әңгімеледі.
Музыка мектебінің педагогі, Қазақстан күйшілер одағының мүшесі Халел Сапаров пен шәкірті Ербол Көшекқалиев Е.Үсеновтің «Кербез сұлу» шығармасы мен Ә.Желдібаевтың «Ерке, сылқым» күйін орындап, кездесудің көркін еселеді.
Өз кезегінде мерейгер осындай ілтипат, ниеттері үшін аудан басшылығына, мекеме, ұйымдарға шексіз ризашылығын айтты.
Болат Қосжанұлы,
Суретті түсірген Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы