Өткен күндерді жиі сағынамыз, иә. Ыстық естеліктер жадымыздан өшпейді, үнемі жаңғырып тұрады. Сағыныш деген сары сағым сияқты алыстап та кетпейді, жақындап та келмейді. Аяулы күндердің алтын ізіндей жақсылыққа жетелейді. Сол бір кездерді еске түсіріп, ойша қалықтатып, бір сәтке болса да жақындататын әуезді ән екені баршаға аян. Аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен «Сағындырған әндер-ай!» ретро ән кеші ата-анамыз, орта буынның жастық шағына әнмен сапарлатқаны анық.
Әдемі кеште Исраил Сапарбаев, Раймонд Паульс, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков, Батырхан Шукенов, Мұқағали Мақатаев, Бәкір Тәжібаев, Ескендір Хасанғалиев сынды ақын, сазгерлердің әндері шырқалды. Ермек Сарқұлов жетекшілік ететін оқушылардың камертон вокалды-аспаптар ансамблі көрермендердің ерекше ықыласына бөленгенін лайықты бағалаған жөн.
Сондай-ақ, Чапаев ауылынан «Арман», тайпақтық «Толқын» вокалды-аспаптар ансамбльдері, сонымен қатар саз мектебінің ұстаздары оқушыларымен, республикалық ән байқауларының лауреаттары Алтынбек Базаров, Нарғыз Сүлейменова, жамбылдық Серік Бақытов, Нұрлыбек Тәжідаевтар, Гүлдана Мәлікқызы, Әнуар Нұрғалиев, Рысбек Жанайысов, Эльмира Ермек, Азамат Ізтілеуов сынды өнерпаздар өткен жылдарда халық арасында кеңінен таралған әндерді орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Рахым Жанайысовтың сүйемелдеуімен зал толы көрермен Шәмші әндерін бірге әуелетті. Үлгілі «Сымбат» ансамблі де өрнекті биімен кеш сәнін келтірді.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы