15.04.2021, 10:39
Оқылды: 39

 Ринат Дүйсенғалиев, "Qazyna.Kz" брендінің негізін қалаушы: «Кәсібімді несиесіз бастадым»

Әлемдік статистикаға сүйенсек әр ай сайын қолға алынатын 10 бизнес жобаның екеуі ғана сәтті шығады екен. Ал, әлемнің ең мықты деген миллиардерлері  кемінде 4-5 рет банкротқа ұшырап, барынан айырылады екен. Десе де мұндай сәтсіздіктер кәсіпке ден қойып, қолға алған ісін ұршыққа иіріп әкетуге ниетті жандарға кедергі болмасы анық. Өйткені, кәсіпкердің табысты болуы өз ісін жақсы көруіне байланысты.

«Табыс формуласының» кезекті кейіпкері жерлесіміз, "Qazyna.Kz" брендінің негізін қалаушы, кәсіпкер Ринат Дүйсенғалиевтің пікірі де осыған саяды.  7B119FFC-0DF7-48C1-9E5A-C3553CAB4E21

– Оюлы, қазақы  нақыштағы өнімдерді жасауды қашан қолға алдыңыз? Кімнен үйрендіңіз?  

– Хоббиімді бизнеске ұштастырып, ұлттық брендті насихаттап жүргеніме алты жылдан асып барады. 2015 жылы былғары бұйымдарға қызығушылығым оянып, өзіме және келіншегіме әмиян жасап көрдім. Нәтижесі көңілімнен шыққандықтан былғары материалынан басқа да дүниелерді жасай бастадым. Сол уақыттағы кәсібім ұялы телефондарды сатумен байланысты еді. Бір күні өзім жасаған әмиян мен белбеудің бес-бес данасын сөреге қояйын деп шештім. Бір күннің ішінде әлгі бұйымдарым түгелімен сатылып кетті. Осылайша хоббиді де табыс көзіне айналдыруға болатынына көзім жетті.  Алғашында ғаламтордан  шетелдік тері илеушілердің, қолөнер шеберлерінің бейнесабақтарын көріп, үйрендім. Былғары өз алдына қалың болғандықтан арнайы құралдары қажет. Білместіктен тері кесетін құралдарды арзан бағаға сатып алыппын, темір емес, ағаш сызғыштарды қолданыппын. Қолымды жиі кесіп алатынмын. Ұққаным – шетелдік шеберлер еңбек құралдарын, яғни, теріге арналған құралдарды өте мұқият таңдап, тек сапалысын ғана алады екен. Құралың сапалы болса – шығының аз, азабын көрмейсің. Бейімім болғандықтан былғарыдан бұйым жасау айтарлықтай қиынға соқпады.

8829147D-8AF7-4299-9214-115CE4A1D5A6

– Сонда ісмерлікке деген қызығушылығыңыз бала кезіңізден басталған болып тұр ғой?  

– Иә, бала кезімнен көп нәрсеге қызығушылық танытатынмын. Сурет салғанды, ағаштан түрлі бұйымдарды ойып-жонғанды, киімдердің үлгісін өзгертіп, пішіп-тіккенді ұнатушы едім. Ер бала болсам да киімдердің моделін өзгертіп, дизайнерлік идеяларымды іске асыратынмын. Ал, былғарыны қолға алып, бұйым жасай бастауыма Юрий Шустов деген етікші ағамыз себепкер болды. Ол кісі етікшілік өнерді қажетіне жаратып қана қоймай,  тігудің небір әдіс-тәсілдерін білетін шебер адам еді. Өзінің білген-түйгендерін менімен де бөлісіп, үйретіп отыратын. Сол кісінің арқасында үйдегілердің де аяқ-киімдерін жөндеп, тіге бастадым. Қолымның ептілігін байқағаны шығар «былғарының қалдықтарын кәдеге асыр» деп үнемі беріп жіберетін. Сол қалдықтан тұмар, білезік секілді бұйымдарды жасап, сыныптастарыма тарататынмын. Жалпы айтқанда, мектептен бастап  шығармашылық тұрғыдан белсенділігім жоғары еді. Тіпті, 6-7 сыныптарда ағаларымның, көршілерімнің шаштарын қиып беретінмін. Ауылдағы мәдениет үйінің мерекелік безендірілуіне бір кісідей үлес қостым десем өтірік айтпағаным. Кейін 1999 жылы Алматыда әскери борышымды өтедім. Бұл жерде де  мәдени шаралардың басы-қасынан табыла білдім. Әр ротадағы ән айтып, би билейтін, өнерден құр алақан емес жігіттердің басын қосып концерттік шараларды тізгіндегенмін. Сондай-ақ, студенттік шағымда радиомеханика  саласын меңгеріп, түрлі техникалық құралдарды жөндеудің «тілін біліп» алғаным әскерде де өз пайдасын тигізді. Істен шыққан техникаларды жөндеу тәжірибемді молайтып,  шыңдала түстім. Сол кездері мәдениет үйлерінде ұлттық болмысымызға келіңкіремейтін суреттерден, Кеңестік кезеңді ұлықтаған сөздерден көз ашпайтынбыз.  Тәуелсіздікке қол жеткізген елде қазақтығымызды айшықтап, төл дәстүрімізді насихаттауға үлесімді қосқым келгендіктен мәдениет үйінің іргелеріне қазақы нақыш салып, қазақтың мақал-мәтелдерін жазып бергенмін. Менің түсінігімде ою – ұлт ретіндегі ерекшелігіміз, қайталанбас дүниелерімз ғой.

«Qazyna. Kz» бренді қалай дүниеге келді?

– Кез келген өнімді сауда нарығына шығарарда оның ерекшелігін айқындап, тұтынушының жүрегіне жол табатындай атауы болған дұрыс. Әлбетте, мен де өз туындыларыма атау берерде көп ойландым. Өнімдердің басым бөлігі әмиян болған соң «Әмиян» деп те атағым келді. Онымен бұл атау нарықта қолданыста бар екен.  «Сайқын» дейін десем көпшілік бұл сөздің мағынасына бойламауы мүмкін, ал «Бөкей ордасы» атауы тым ұзақ. Сөйтіп, Хан ордасындағы ежелгі қазына орталығының (Казначейство) атауын алғанды жөн көріп, «Qazyna.Kz» деп қойдық. Өте жағымды естіледі әрі заманауи маркетингтік талаптарға сай келетін атау деп білемін.    

B266DDD2-1C82-472F-9ECE-6FE6B1A026EC

– Сонда сүйікті ісіңізді кәсіпке айналдыру үшін қанша қаражат жұмсадыңыз?  

– Бірден айта кетейін, кәсібімді несие алмай бастағанмын. Әуелі Шымкенттен қоңыр және қара түсті былғарыны 60 мыңға тапсырыспен алдырдым. Ине, сызғыш, «пробойниктері», т.б. құралдарды қосқанда кәсібімді дамыту үшін бас-аяғы 100 мың теңге жетіп артылды. Негізі былғары тігудің өзіндік ерекшеліктері мен ұсақ-түйектері бар. Былғары бұйымдары қолмен немесе арнайы тігін машинасымен тігіледі. Қолмен тігудің машақаты жетерлік. Әу баста мен  қолмен тігіп бастадым, өйткені, машинам болмады. Жұмысыңызды едәуір жеңілдету үшін арнайы тігін машинасын қолданған дұрыс және сапалысына ден қою керек. Тігін машинасы мен құрал-саймандарды қосқанда іс бастауға 250-300 мың әбден жетеді.

– Айына кем дегенде қанша өнім сатасыз?

– Пандемияға дейін бір күннің ішінде 40-50 әмиян, белдік, т.б. ал, бір апталық жәрмеңкелерде 200-ден астам бұйымдар сатылып кететін. Әлеуметтік желілердегі сауда-саттықты қоспағанда. Қазіргі таңда сауданың қарқыны бәсеңсіді.  

Несін жасырайық, қазіргі таңда нарықта ұлттық нақыштағы бұйымдар көбейді. Сапалысы да бар, сапасызы да жетерлік. «Qazyna. Kz»-тің өнімдері несімен ерекше? Тері, былғарыны қандай түрде аласыз? Тері илеп көрдіңіз бе?

– Менен бір рет әмиян немесе басқасын сатып алған адам  уақыт өте басқа да өнімдерімді міндетті түрде сатып алады. Өйткені мен әр тапсырыс берушінің талабын, ойын мұқият тыңдап аламын, сұраныстарына толықтай жауап беруге тырысамын. Бұл бір жағынан маркетингтік әдіс, екінші жағынан тұтынушыға деген құрметім. «Qazyna. Kz»-тің  нарықтағы бәсі жоғары болсын деген тілек қой мендегі. Сондықтан да әр бұйымның сыртқы дизайнына ғана емес, сапасына да аса мән беремін. Есімін, руын, яғни қалаған сөздерін ойып жазып беремін. Екіншіден, «Qazyna. Kz»-тің  өнімдері қолжетімді бағада. Мәселенки, брелоктар 500, тиын салғыштар 1000, әмияндар, белдіктер  3000-8000  теңгенің аралығында. Осы ретте былғарыдан жасалған дүниелер неліктен арзан деген сауал туындауы заңдылық. Мен шикізатты шетелден емес, Шымкенттен, Алматыдан сатып аламын. Елімізде теріден тапшылық жоқ, өзім илемейтінім де сондықтан. Сұраныс көбейген сайын отандық тері илеу зауыттары да бағаларын аспандатпайды.  Италиядан, Ресей, Жапония, Түркия, т.б. елдерден келген дайын теріні алдырып жасайтындар да бар. Алайда олардың бағалары да анағұрлым қымбатқа түседі. Кез келгеннің қалтасы көтермеуі мүмкін. Былғарының сапасына күмәнмен қарағандарға дәлелдеп те бере аламын. Таза былғарыны тілгенде бір қабатты болып келеді. Оттықпен күйдіргенде құйқаның иісі шығып, бүрсіп, домаланып шыға келеді. Өртеніп, жанып кетпейді. Ал, теріалмастырғыштардың бір бөлігін отқа тигізсеңіз бірден тұтанып, өткір иісті байқайсыз.  Тұтынушыларға тиімді әрі қолжетімді бағада өнім ұсыну – мақсатым. Тұрақты сатып алушылар «Qazyna. Kz»-тің сапасына көздері жетті. Тұтынушыларымның дені Ақтау, Ақтөбе, Атырау және Оралдан. Ақсайдағы шетелдік алпауыт компаниялар да менің тұрақты тұтынушыларым. Олар көбіне сөмке, әмиян, т.б. 150-ге жуық затқа тапсырыс береді. Қазақы нақыштағы бұйымдарды шетелдіктер бағалайды. Егер жасаған өнімдерімнің сапасы сын көтермесе көлемді тапсырыстарын жасамас та еді. Бөкейлік жерлестерімнің ішінде де менің қолымнан шыққан бұйымдарды ұнатып, алдырып келеді.

– Тұтынушылардың дені жастар ма?

–  Әр кезде әр қалай. Жастар жағы құлаққаптарын орайтын арнайы қаптарды, куәлік, кілт салғыштарды былғарыдан жасатып жүр және іліп алатын сөмкелерге басымдық беретінін байқаймын. Мерекелік шараларда, туған күн, т.б. әмиян, белдіктер секілді аксессуарларға сұраныс артады. Өзге ұлттың өкілдері де таптырмас сыйлық екен деп ұлттық бұйымдарымызды таңдайды. Сағат бауын да былғарыдан жасататындар бар. Тіпті, «иттің қарғыбауына дейін былғарыдан жасап берсеңіз» деп тілек білдіретіндер аз емес. Сондай-ақ, Америка, Канада, Германияға, т.б. елдерге де тапсырыспен жіберіп жүрмін. Еліміздің танымал спортшылары да  «Qazyna. Kz»-тің   өнімдерін тұтынады.

Алдағы жоспарыңыз қандай? Тағы басқа нендей дүние жасауды ойлап жүрсіз?

– «Qazyna. Kz» брендін кең көлемде насихаттауды қолға алсам деймін. Әлбетте, бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. Сондай-ақ,   шежірелі мекеніміз, тарихы бай  Бөкей ордасының туризмін дамытуға үлесімді қоссам деген перзенттік арманым да бар. «Бөкей ордасы» деген атауымыз ойып жазылған естелік бұйымдарды, тәбәріктерді тарту еткім келеді. Бұл да ауданымызға арнайы келген шетелдік  туристтерге қонақжайлығымызды білдіретіндей керемет сый боларына сенемін. Пандемияға дейін жергілікті әкімдіктің ұйымдастыруымен оқушыларға шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, ұлттық өнерімізді насихаттаушы ретінде түрлі шараларға шақырту алатынмын. Бұл кәсіп менің табыс көзім ғана емес, өмірлік хоббиім, шабыт беретін, сүйсініп істейтін жұмысым. Сүйіспеншілікпен орындалған іс қана өміршең болады. Сондықтан, шығармашылық тұрғыдан әлі де ізденісімді тоқтатпаймын.  

– Карантин кезінде  де істің тетігін тауып, шаруасын дөңгелеткендер аз емес. Бұл да кәсіпкердің қырағылығына, бизнестің қыр-сырын жақсы меңгеруіне байланысты емес пе? Карантин сізге қалай әсер етті? Неден ұттыңыз, неден ұтылдыңыз?

– Пандемия әлемді әбігерге салып жіберді. Әсіресе кәсіпкерлер қауымына  оңайға соқпады. Бизнесін жүргізе алмай, құлдырағандар да бар. Істің тетігін тауып, табысын еселегендер де бар. Менің басты қателігім  төтенше жағдай жарияланған тұста қолымдағы былғары көлемі өте аз еді. Сондықтан, түскен тапсырысты шикізаттың ауқымына қарай жасадым.  Ұтылғаным осы болар. Уақытымыздың денін отбасыммен, бала-шағамызбен өткіздім. Ұтқан жерім осы болар.  

– Кәсіп бастағысы келетіндерге қандай кеңес айтар едіңіз?

– Бөкей ордасы ауданы төскейі малға толған жер. Тері жетерлік. Тері илеу білетін адамдармен кеңесіп, үйреніп әмиян, белдіктерді неге жасап көрмеске?! Ынта, талап керек-ақ. Ғаламтордан да керегіңізді табу оп-оңай.  Ең басты айтарым  қолға алған ісіңіз өзіңізге ұнау керек. Егер ісіңізді ұнатсаңыз, нәпақасын көресіз. Олжалы боласыз. Табысты боламын, ақшаны күректеп табамын деген пиғылмен кәсіпті бастамаңыз. Өйткені, бұл жағдайда сіз қолға алған жұмыстың ләззатын сезінбейсіз, тек нәтижені күтетін боласыз.  

Сұқбат бергеніңізге рахмет! «Qazyna. Kz»-тің бәсі арта бергей!

Сұқбат құрған Арайлым Есмағұлова,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале