16.01.2026, 16:00
Оқылды: 67

Ақжайық ауданында мектеп күрделі жөндеуден соң пайдалануға берілді

Ақжайық ауданы, Базаршолан ауылындағы Ғабдолла Махамбетов атындағы орта мектепте күрделі жөндеу аяқталып, пайдалануға берілді. Осыған орай мұнда салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, облыстық мәслихат депутаты Ақылбек Сағитов, аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев, «Amanat» партиясының төрағасы Артур Ермұханов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Қабжанов және ардагер-ұстаздар, ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы мен түлектер қатысты.

WhatsApp Image 2026-01-16 at 14.41.53

Алдыман мектептің алдында орнатылған Ғабдолла Махамбетовтің ескерткішіне Елдос Набиоллаұлы мен ардагер-ұстаз Қанапия Құсайынұлы гүл шоғын қойды.

Салтанатты шарада аудан әкімі М.А.Сердалин жиналғандарды құттықтап сөз сөйледі.

– Құрметті ұстаздар, ата-аналар, ардақты оқушылар! Жыл басында осындай жағымды жаңалықпен қауышып отырмыз. Күрделі жөндеуден өткен орта мектеп жаңарып, бүгін балалар игілігіне пайдалануға берілуде. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Ауданда білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысының Жолдауында сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу – басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Қазіргі уақытта Үштөбе және Кеңсуат елді мекендерінде 60 орындық жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар биыл тағы төрт мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңарған білім ордасынан елін сүйетін, білімді де білікті ұрпақ тәрбиеленіп шығады деп сенемін, – деді аудан басшысы.

WhatsApp Image 2026-01-16 at 14.42.08

Осыдан кейін сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Е.Сафуллин білім беру ұйымдарының жаңартылуы өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған нақты қадам екенін атап өтті.

– Бүгін – Базашолан ауылы үшін ерекше қуанышты күн. Ауыл мектебі толығымен жаңғыртылып, заман талабына сай қалыпқа келтірілді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Реновация» бағдарламасы аясындағы маңызды жоба. Бағдарлама бойынша республика көлемінде үш жыл ішінде 1300 мектеп жөндеуден өтуі тиіс. Облысымыз бойынша алты білім ордасында құрылыс жұмыстары өткен жылы басталса, биыл тағы 33 мектеп жөнделеді. Ал келесі жыл осындай игі жұмыстар 47 мектепте жүргізіледі деп жоспарланды. Ақжайық ауданында алдағы үш жылда 12 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасын қала мектептерімен теңестіру – басты мақсат, – деді Елдос Набиоллаұлы.

Сонымен қатар осы шарада мектепке жаңа «Газель» маркалы автокөліктің кілті табысталды.

Сондай-ақ осында «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Қабжанов, ардагер ұстаз Қанапия Таспай сөз сөйлеп, сыйлықтарын ұсынды. Мектептің 2006 жылғы түлектері атынан Ақылбек Әлсейітов сөз сөйлеп, білім ордасына 600 мың теңгенің музыкалық аппаратын тарту етті.

Күрделі жөндеу жұмыстарын алматылық «НСК «MBM Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Жобаның жалпы құны – 772,2 млн теңге. Жұмыстардың сапасына техникалық қадағалауды Орал қаласындағы «ГИМН» ЖШС жүзеге асырды.

WhatsApp Image 2026-01-16 at 14.41.53 (1)

Жаңартылған мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Пәндік кабинеттерде теориялық және практикалық тұрғыда дәріс өткізуге барлық жағдай жасалған. Ал компьютерлік технологиялар және биология кабинеттерінде орнатылған құрылғылар тіптен керемет – соңғы үлгідегі компьютерлер, аудио-визуал технологиялар, цифрлық микроскоп, т.б.

Қазіргі таңда мұнда 232 оқушы білім алуда. Оқу үдерісі екі ауысымда, мемлекеттік тілде жүргізіледі. Мектепалды даярлық сыныбында 16 бала тәрбиеленуде. Білім ошағында 40 педагог еңбек етеді.

 

Аида Асылбек,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале