Референдумда өз таңдауын жасаймын деген мүмкіндігі шектеулі жандар өтініш жолдап, үйден де дауыс бере алады. Әйткенмен, Ақжайық ауданында мұндай азаматтар көппен бірге учаскеге келіп, дауыс беруді жөн көріпті. Солардың бірі – Чапаев ауылының тұрғыны Кенжебек Ерсайын.

Бала кезінен мүгедек ол бүгін алғаш рет те дауыс беріп жатыр. Референдум өтетіндігінен хабардар ол бүгін №24 референдум учаскесінде сайлау бюллетенін қолына алды.
– Жаңа Конституциямыз жөнінде шешім қабылдауды Мемлекет басшысы халыққа тапсырды. Халық деген кім, ол – мына біз бен сіз. Менің де маңызды мәселеге қатысты өз пікірім бар. Соны білдірейін деп бүгін учаскеге келіп тұрмын. Комиссия мүшелеріне ризамын. Есіктен кіргеннен қолпаштап, қолтығымнан демеп, бәрін ұғындырып, көмектесіп жатыр, – дейді ол.
Учаскелік референдум комиссиясы атынан алғаш рет дауыс берген оған сый табыс етілді.
Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы