Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Ораз Исаевтың 120 жылдығына арналған шаралар тау тұлғалы азаматтың туған топырағы – Ақжайық ауданы Көнеккеткен ауылдық округінде қорытындыланды.
Еңбек жолын ауылнай писарлігінен бастаған Ораз Жанұзақұлы қыруар қызмет атқарып, өмір өткелдерінен өте жүріп үкімет басына келді. Билікте болған 9 жылда туған жерді түлеткен текті тұлғаның тыңғылықты жұмысы қазақстандықтарға аян. Ақыр соңы өзі адал қызмет еткен биліктің қолынан қаза тауып, құрбан болып кете барды. «Сайда санын, құмда ізін» қалдырмауға тырысқан солақай саясат саңлақ тұлғаны санадан өшіруге тырысты. Қазақ үкіметін бесінші болып басқарған беделді жан абырой биігінен көрініп, күллі алашқа мақтан болды. Жоқтаушыларының, өмірлік жары Сара Есованың, ұрпағының арқасында ол көптеген арыстармен қатар ақталды. Олқылықтың орны толып, оғлан Ораз отандастарына ойы озық, сойы бөлек тұлға болып оралды.
Ораз Исаевпен Орал өңірінде қызметтес болған Хамит Чурин, зерттеуші Ермекқали Нығметов, осы тұлға жайында диссертация қорғаған Замир Келдібеков, көп жылдар «Орал өңірі» газетінде қызмет жасаған ардагер журналист Есенжол Қыстаубаевтар ер есімін ұрпақ жадында жаңғыртуда еселі еңбек етті. Белгілі әдебиетші, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Құлиев кітап жазды. Міне, осындай жандардың арқасында арыстай азамат тұлғасы айшықтала түсті.
Көнеккеткендегі қорытынды шараның бірінші күні Ораз Исаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерейтой иесін бір минуттық үнсіздік жариялап, еске алудан басталған шараға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, О.Исаевтың немере туысы, Ресей Федерациясы Саратов облысынан арнайы келген Ұмсын Керейқызы, Евразия академиясының доценті, профессор Бақыт Шканова, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ доценті Альфия Байболсынова, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, тұрғындар қатысты.
–Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деп айтқандай, қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген арыстар ел тарихынан өз орнын алуға тиісті. Халық перзентінің рухына тағзым ету, есімін ұрпақ жадында қалдыру, қайраткерлігін елге таныту ең алдымен туған елінің парызы. Ол ХХ ғасырдың қайғы мен қасіретке толы алғашқы жылдарында туған халқын ашаршылықтан арашалап, бостандық, теңдік алып берем деп құрбан болған тарихи тұлғалардың бірегейі. Оның қоғамдық-саяси қызметі, іскерлігі елдің жадында мәңгі сақталады. Ел тәуелсіздігі нығайып, шынайы тарихымызбен енді-енді қауышып жатқан халықпыз. Ұлт тағдыры таразыға түскен кезеңдерде қара басын қатерге тігіп, қарашаның қамын ойлаған ердің есімі ұмытылмайды. Қайсар ұлды ұлықтауға атсалысқан ауылдық округ әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваға, кәсіпкерлерге, ауылдың жанашыр тұрғындарына зор алғысымды арнаймын,-деді Қ.Айтмұхамбетов.
Осында О.Исаев атындағы мектеп оқушылары арнауларын оқыды. Мерейтойға орай Ораз Жанұзақұлының атындағы мектепте музей ашылды. Ардагер ұстаз Жәннат Сариев, еңбек ардагері Шолпан Ихсанова лентаны қиып, музей таныстырылды. Музейдің ашылуында Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев сөз сөйлеп, тұлғаның атқарған қызметін, халқы үшін жасаған ерен еңбектерін ұмытуға әсте болмайтынын жеткізді.
Осы күн құрметіне «Ел ұмытпас ерлерін» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Сөз додасына облысымызға, республикамызға белгілі айтыс ақындары арнайы келді. Айтыс алдында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов айтыскерлерді қабылдады. Қатысушыларды ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыра келіп, ақындарды бастап келген белгілі ақын «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» батыс аймақтары бойынша филиал төрағасы Бауыржан Халиоллаға алғыс айтты. Төл өнерді қашанда қолдауға дайын екенін жеткізіп, ақындарға сәттілік тіледі.
Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген сөз барымтасына облыс орталығынан, аудандардан 12 ақын қатысты. Айтысты кіріспесөзбен ашқан Бауыржан Халиолла қайраткерді ұлықтауда ақындар айтысын ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
–Алдарыңызға келіп тұрған ақындардың қай-қайсысы да осал емес. Алды республикамызға танымал. Олардың ізін басып жас ақындар да шығып келе жатыр. Ақындар хал-қадірлерінше Ораз Исаевты жырлауға сақадай сай. Тарихтағы толағай тұлғаның орны ерекше. Саяси-қоғамдық ісін айтпағанның өзінде, қазақ зиялыларына үлкен қолдау білдіріп, жолын ашқан. Мысалы, Жамбыл Жабаев, Әбілхан Қастеевтер осы кісінің қамқорлығын сезінген. Біртуар азаматты ақындардың тілімен ұлықтаған ақжайықтықтарға ризамыз,-деді Бауыржан Ергенұлы.
Бірінші жұп болып сахнаға көтерілген Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің редакторы, республикаға танымал Бауыржан Ширмединұлы мен Ақжайық аудандық «Жайық таңы» газетінің тілшісі Бекболат Қаленов жоғары деңгейде айтыс көрсетті. Әріптес екендерін тілге тиек етіп, әзілдескен олар көбіне тақырыпты жырлады. Мысалы, Бауыржан Ораз Жанұзақұлының саяси қайраткерлігін айта келіп, халқының ашқан өліп жатқанына шыдай алмай, Голощекинге қарсылық білдіріп, Сталинге де 3 рет хат жазғанын жыр шумақтарымен жеткізді.
Екінші жұпта сөз сайыстырған жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов пен теректілік жас ақын Әділ Ахметов өзара әзілге құрылған айтыстарын ұсынды. Әділ тақырыпты балаң жырларымен жеткізсе, Орынбек осы тойды өткізуге атсалысқан азаматтарды, ауылдағы еңбек ардагерлерінің аттарын атап тұрып, жырлап шықты. Үшінші жұпта өнер көрсеткен бөрлілік Жарқынбек Шынтаев пен ақжайықтық Мейірман Шәкенов екі ауданнның тыныс-тірлігін салыстыра жырлады.
Төртінші жұпта сөз қағыстырған базартөбелік ақындар Санат Мұхамбетжанов пен Абылайхан Мақсұтов Ақжайық ауданының айшықты жерлерін, батырларын, ақындарын бір жаңғыртты.
Бесінші жұпта айтысқан теректілік Эльдар Ихсанов пен ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев алысқа шабатын кең тынысты тұлпарлардай ұзағынан толғады.
Айтыс сахнасында 15 жылдан бері қатар келе жатқан сыралғы, сақа қарсыластар көнеккеткендіктердің көңілін көтеріп, бір серпілтті. Өлке тарихына жастайынан қанық олар Ораз Исаевтың ерен еңбегін, Көнеккеткенде туып өскен еңбек ардагерлерін жырға қосты. Алтыншы жұпта сайысқа түскен жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Әсет Бисенғалиев Көнеккеткенннің көрікті жерлерін, О. Исаев атындағы орта мектептің тыныс-тірлігін, жаңадан ашылған мұражайдың жас ұрпақ үшін аса қажет екенін әңгімеледі. Ақындардың бәрі тең қаржылай сыйлықтармен, арнайы аталымдармен марапатталды.
Мерейтойдың екінші күні шаралар мерекелік концерпен, дала қызықтарына жалғасты. Салтанатты концертке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев сөз сөйлеп, мерейтойды атап өтуге атсалысқан баршаны марапаттады.
Осы шараға Алматы қаласынан арнайы келген О.Исаевтың немересі Тимур Исаев, немере туысы Ұмсын Керейқызы ақжайықтықтарға алғыстарын арнады.
–Бұл біз үшін үлкен абырой. Атамыз қысқа ғана ғұмырында елге көп еңбек еткен. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, атылған. Оның еңбегін замандастары, көптеген зерттеушілер Сара әжеміз жарыққа шығарды. Қанша уақыт өтсе де, кең көлемде шаралар ұйымдастырылып, мерейтойы аталып өтіп жатыр. Сіздерге атаның ұрпақтарының атынан алғыс айтамыз,-деді Тимур Бекетұлы.
Спорттық ойындарда қазақ күресіне қатысуға тілек білдіргендер көп болды. Айталық 40 келі салмақ дәрежесінде көнеккеткендік Айбек Қаматаев, 50 келіде сол ауылдан Олжас Беріков, 60 келіде осы ауылдан Теміржан Зәкіржанов жеңімпаз атанды. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 25 жігіт бақ сынасты. Қазталовтық Бегайдар Меңдешов «Түйе балуан» атанды. Арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сайыстары ұйымдастырылды.
15 шақырымдық тоқ бәйгеде 14 сәйгүлік бақ сынасты. 6 айналымға созылған додада Бәйтерек ауданынан келген Марат Мұхтаровтың «Бәйтерек» атты тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Теректілік Бақытжан Сатыбаевтың «Сұңқары» ІІ орынға, бәйтеректік Ерген Меңдіғазиевтың «Жиренсұлуы» ІІІ орынға табан тіреді. 24 шақырымдық аламан бәйгеге облысымыздан оннан астам тыныс кең тұлпарлар қатысты. Тоғыз айналымда бәйтеректік Нұрлыбек Хайруллиннің «Ветерок» атты сәйгүлігі оқ бойы озық келіп, бас бәйгені алды. Шыңғырлаулық Талғат Бисеновтың «Қызғалдағы» ІІ орынды, Ақжайық ауданы Тайпақ аулдық округінен ат қосқан Ерген Таңатжановтың «Көкдауылы» ІІІ орынды еншіледі. Көкпар ойындарына Ақжайық ауданынан 4 команда қатысып, ойын көрігін қыздырды. Кездесулер нәтижесінде чапаевтық «Құлагер» командасы І орын, Есенсай ауылдық округі командасы ІІ орын, Ақжол ауылдық округі командасы ІІІ орын еншіледі. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлықтар табысталды.
Бекболат Рахметқалиұлы
суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан және автор
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер