12.02.2025, 16:45
Оқылды: 341

Ақжайық ауданында патриоттық әндер байқауы өтті

Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Жеңіс жаңғырығы!» атты патриоттық әндер байқауының гала-концерті өтті.

IMG_8162

Екі кезеңге бөлінген ән байқауына мәдени-демалыс орталығы әдістеме бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Қайбалиева, орталықтың көркемдік жетекшісі Әнуар Нұрғалиев пен музыка бөлімінің жетекшісі Әділжан Елешев қазылық етті. Байқаудың іріктеу кезеңінде үміткерлер патриоттық әндер орындап, одан өткендер гала концертте көрермендер алдында өнер көрсетті.
Ұлы Жеңіс елінің азаттығы үшін қан майданда, ұрыс даласында жауға қарсы күрескен, тылда еңбек еткен аға ұрпақтың арқасында келгенін сахнада алдымен сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Дархан Қалимеденов атап өтіп, осындай шаралар жас буынның ерлікке құрметін, отансүйгіштігін арттыруда маңызы зор екеніне тоқталды.
Өнерпаздардың әншілік, әртістік тұрғыдан алғанда, арасында бір осалы болған жоқ. Әрқайсысы отты жылдарды зердемізде жаңғыртқан, ерлікке тағзым, отанға шексіз махаббатты ұлықтаған әндерді ерекше рухпен орындап шықты.
Қазылар алқасының шешімімен будариндік трио «Ана туралы баллада» әнімен жеңімпаз атанды. Ақжол ауылдық округінен қатысқан «QJ» вокалдық тобы екінші орынды иеленді. Ал ақсуаттық «Інжу-маржан» вокалдық тобы мен қабыршақтылық «Гүлдерайым» вокалдық тобының өнері үшінші орынға лайық деп бағаланды.
– Байқау болған соң, жеңімпаз да, жеңіліс те болады. Тыңдарманға Жеңіс жолындағы ата-әжелеріміздің өшпес рухын әуенмен жеткізген әр қатысушыны бағалау оңайға соқпады. Байқау өз деңгейінде өте жақсы, әрі әсерлі өтті деп ойлаймын, – дейді әділ қазылар алқасының мүшесі Әнуар Қуатұлы.

Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген автор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале