Бүгін Ақжайық ауданында 24 қазан – Кітапханашылар күніне арналған «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты салтанатты шара өтті. Кәсіби мерекені атап өтуге осы шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, мекеме-бөлім басшылары, сала ардагерлері, кітапханамен байланысы тығыз оқырмандар келді.
Алдымен руханият шамшырақтарын Зәйлім Исатайқызы құттықтап, қызметтеріне абырой, жеміс тіледі.
– Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен кітап, ал адамзат еткен кітапхана» деп лайықты бағасын берген рухани ордаларымыздың жұмысы күннен күнге жетіліп келеді. Мемлекетімізде де саланың өркендеуіне баса назар бөлінуде. Биыл «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген қаражатқа аудандағы екі кітапхана жөндеуден өтіп жатыр, – деген ол рухани салада алдағы атқарылатын салмақты міндеттерді саралады.
Ол ҚР Ұлттық аккадемиялық кітапхананың алғыс хатын Жанама ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлсім Тұрайысоваға, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғыс хатын Бударин ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсима Құлетоваға, Атамекен ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айкөркем Қартаңбаеваға табыстады. Сонымен қатар бірқатар сала мамандары аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді. Осы күні жеткен зор марапат – ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хаты Ілбішін ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлжан Садықоваға табысталды.
Салтанат мінберінен сөз сөйлеп, рухани орда қызметкерлерін құттықтаған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Артур Ермұқанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Бимановтар да марапаттарымен мерекенің мәніне мән үстей түсті.
Салтанаттың иелері атынан сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Сәкенқызы кітапханашыларға артылған салмақты міндет, жаңашыл бетбұрыстар туралы айтып, өзінің алғыс хатымен үздіктер мен дарабоздарды, белсенді оқырмандарды қошеметтеді.
Мұнымен мәртебелі мамандық иелерін құттықтаушылар легі толастаған жоқ. Жидашы, қаламгер, өлкетанушы Бақтығали Қоспаев, медиатор Құрман Бисеғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев, аудандық «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова, «Жайық мейірімі» қоғамдық қорының төрайымы Жанна Нұржанова, бөлім-мекеме басшылары бірінен соң бірі ізгі ниет, ақ тілектерін ақтарды.
Түске дейін өткен «Мамандығым – мақтанышым» жас кітапханашылар байқауын ҚР Жазушылар одағының мүшесі, сала ардагері, ақын Сағынтай Бисенғалиев құттықтап, жүлделерді табыстады. Бұл байқауда «Үздік жас кітапханашы» аталымын Алғабас ауылдық кітапхананың кітапханашысы Шынар Болатова жеңіп алды.
Мереке мерекемен, бұл күні де кітапханашылар өз қызметінен, кітапты насихаттау, әдебиетті дәріптеу миссиясынан жаңылған жоқ. Облыс ақыны, күні кеше «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісін иеленген Мейірман Шәкенов пен Айкөркем Қартаңбаева айтыс өнерін дәріптеп, қыз бен жігіт арасындағы айтыстың керемет үлгісін көрсетсе, Алмагүл Мақатова мен Бақыт Жантасова кітапханашылардың құрметіне өлең оқып берді.
Ал «Мәңгілік елдің мұрасы» деп аталған дефиледе сала қызметкерлері Ұмай ана, Томирис патшайым, Махамбет пен Исатай, Қыз Жібек, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Ақан сері, Айман мен Шолпанды сомдап, тақырыпқа сай кітаптарды жиналғандардың назарына ұсынды.
Әсем Есбек,
Ақжайық ауданы