Жуырда Ақжайық ауданында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтің төрағалығымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын лайықты деңгейде ұйымдастыру мақсатында бастамашыл топтың отырысы өтті.
Зиялы қауым, шығармашыл орта адамдары, еңбек ардагерлерінің басын қосқан отырыста аудан әкімінің орынбасары Т.Александрұлы мерейлі жылда атқарылар жұмыс жоспарын пысықтады.
«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында біздің ауданымызда да қарымды істер қолға алынды. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, бұрын арман болған игіліктердің бәрі ауылдастар үшін бүгінгі күннің шындығына айналды. Осы ретте ауданның әлеуметтік- экономикалық, мәдени дамуында елеулі еңбек еткен азаматтарымыз бар. Сондықтан мерейлі жылда ауданымыздың 30 жылдық ілгерілеу жолын қаттап, көпшілікке мазмұнды басылым ретінде ұсынбақшымыз. Осыған дейін де туған өлкеміздің тарихын жинақтап, кітап ретінде шығарған тәжірибеміз бар. Сондықтан Сіздермен бірге басылымның мазмұнын байыту, рухани құндылығын арттыру бағытында ақылдасуды жөн көрдік», - деді аудан басшысының орынбасары.
Жидашы, аудан анықтамалары, энциклопедиялардың редакторы Бақтығали Қоспаев мазмұны салмақты кітап жөнінде өз ойымен бөлісті. Егемендіктің алғашқы күндерінен басталып, бүгінгі сәтке дейінгі аудан жылнамасында құрылымдық өзгерістердің, 91-жылдардан бастап құрылған қоғамдық ұйымдар, олардың ауданның дамуындағы рөлі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі, нарықтық қатынастардың қалыптасуы, кәсіпкерлік дамуы, өзге де салаларды қамтитын басылымды даярлау үлкен күшті қажет етеді. Сондықтан уақытты қапы жібермей, баспа материалдарын қазірден дайындау беру қажеттігін айтқан Б.Дінішұлы 30 жылдағы өсіп-өркендеу жолы сан-көрсеткіштермен қатар мұрағаттық құжаттармен толықтырылса, кітапттың мәні мен мазмұнының ашыла түсерін де тілге тиек етті.
«Кітапты тек анықтамалық түрінде жинақтағаннан гөрі, жергілікті ақындардың аудандағы елеулі жаңалықтар, Тәуелсіздігіміз туралы өлеңдерімен толықтырсақ, нұр үстіне нұр болар еді?!», - деді ол.
Т.Габдушев жаңа басылымға қажет баспа материалдарын жинақтау, фотодеректерді іріктеу жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Әсем Есбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz