Жаз басталмай жатып, яғни соңғы қоңырау соғылған 25 мамырдан бері Ақжайық ауданында екі мектеп оқушысын ит қабу оқиғасы тіркелді (Жанама және Ақсуат ауылдарында). Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, балаларға «алыпсоқтардың» тап беруі жазғы демалыс кезінде жиілейді. Бұралқылардың көбейіп кетіп, мал-жанға қауіп әкелетіні, иелері өздерінің төрт аяқты серіктерін дұрыс ұстамайтыны туралы әңгіме ауылдарда жиі айтылып жүр.
Аудан орталығында кеше қаңғыбас иттерді дәрімен атып көзін құрту басталды, 9 ит жойылды. Былтыр аудан бойынша 1401 осындай бұралқы жойылған-ды. Алдыңғы жылдарда да бұл көрсеткіш 900-1000-ды құрады. Алайда 2017 жылы ауданда 80 тұрғынды, ал биылғы бес айда-ақ 45 тұрғынды ит қапқанын ескерсек, мәселенің түйінін бағамдау қиын емес. Жұртымыз «жеті қазынаның бірі» деп әспеттеген бұл төрт аяқтылардың бүгінде азып-тозып, аштан бұратылып, көше кезген «бұралқы» деген атқа қалуының басты себебі – оны үйде ұстай білмеу, тиісті ережеден хабарсыздық. «Ақтөстерін» бетімен жіберіп, ақыры бұлар адамды тістегені үшін 8 ауылдық округті қамтитын Тайпақ полиция бөлімі бойынша былтыр 8 адамға айыппұл (24050 теңгеден) салынса, биылғы бес айға жетпейтін уақыттың өзінде-ақ осы көрсеткішке «қол жетті». Сондай-ақ ит ұстау ережесін сақтамағандары үшін осы полиция бөлімінен 2017 жылдың басынан осы күнге дейін 140 тұрғынға ескерту берілген.
Ал аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметінше, осы жылдың төрт айында үйдегі бұл жануарларын ұстау ережесін бұзғаны үшін 3 тұрғынға айыппұл салынып, 19 тұрғынға ескерту жасалды.
Бекем БЕКҰЛЫ
Ақжайық ауданы