Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің тұрақты әрі маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы дейсіз бе, әлде жеке құрылыс па, әйтеуір Жайықтың қос қапталын тең жайлаған Ақжайық ауданында баспана салу қарқыны жылдан жылға үдеп келеді.
Соның ішінде тұрғын үйге мұқтаж әлеуметтік осал топтарға басымдық беріліп отыр. Айталық, биылғы жылдың басында аудан орталығында пайдалануға берілген 24 пәтерлік қос үйден қоныс тапқандар – осы санаттағы жандар.
Биыл да «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін әлеуметтік тұрғын үй құрылыстары басталды.
Жоспарға сай, осы жылы сегіз елді мекенде 37 баспана бой көтеруге тиісті.
Атап айтсақ, Чапаевта – 8, Тайпақта – 17, Алғабас, Алмалы, Бударин, Жаңабұлақ, Мерген, Ж.Молдағалиев ауылдарында екі-екіден үй салынбақ.
Жер аяғы кеңісімен бұл жұмыстарға мердігерлер кірісіп кетіпті. Дәлірек айтсақ, жеті елді мекенде 23 тұрғын үйдің іргетасын құю, қабырғасын қалау, шатырын жабу жұмыстары жүргізілуде. Қалған екеуінде мердігерлер құрылыс материалдарын жеткізіп қойған.
Атап өтерлік жайт, бұл үйлердің бірде бірінің құрылысына бюджеттен қаражат бөлініп жатқан жоқ, бәрін де жеке кәсіпкерлер өз қаражаттарын салып жатыр.
Құрылыс жұмыстары аяқталып, құрылыс саласындағы талаптарға толық сай келетіні расталғанда ғана, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілеріне баспаналар қосылып, республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа жергілікті атқарушы органның меншігіне сатып алынады.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, салынып жатқан тұрғын үйлер заң шеңберінде кезекте тұрған әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға беріледі. Қазіргі кезде баспана кезегінде аудан бойынша 464 азамат тұр.
Аудан әкімі М.Сердалин тұрғын үй құрылысының басында болып, құрылысты қолға алған кәсіпкерлерге жұмыс сапасын жеке өз бақылауына алатындығын ескертті.
Әсия Шырай
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz