20.04.2023, 18:00
Оқылды: 117

Ақжайық ауданының хирургтары үш айда 47 ота жасаған

Адамның денсаулығы сыр берсе немесе оқыс жағдайлар орын алып, шұғыл көмек керек болса, бірінші еске дәрігерлер, ақ халатты абзал жандар түсетіні рас. Жаныңды қинаған дерттен арашаны сол бір жандардан іздейсің де, өзіңді не жақыныңды бірінші Аллаға, сосын дәрігерлерге тапсырып, осылайша үлкен үміт артасың.

96

Жоғарыда атап кеткен «оқыс оқиғаның» салдарын жоятын, яғни жарақаттың небір түрін емдеп, қажет болса, ота жасайтын аурухананың бөлімі – хирургия. Мұнда қашан келсеңіз де, қызметкерлердің бір тыным таппайтынын байқайсыз. Жоспарлы ота болатын күні ала таңнан қарбалас: ота жасалатын бөлмені реттеп, медициналық құрал-саймандар, дәрігерлер мен көмекшілердің киімдері, дәрі-дәрмектер, осының бәрін сақадай сай етіп дайындау керек. Әрі палаталарда жатқан науқастардың жағдайын жиі-жиі тексеріп тұру керек. Ал жол апатынан зардап шеккен, не болмаса, өзге де жарақаттармен науқас түсе қалса, осы қарбаластың бәрі мың еселене түседі. Дегенмен, асып-сасып жатқан адам жоқ, бәрі де өз міндеттерін жатқа біледі, ешкім-ешкімге кедергі болмай, жазылмаған тәртіп бойынша адамның жанын сақтап қалуға әрекет етеді.

Міне, осының бәріне біздің тілшіміздің медицинаның ауыр да салмақты саласына жауап беретін бөлімге арнаған бір күнінде көзі жетті. Мұнда кез-келген адамның кіруіне рұқсат жоқ, тіпті редакция қызметкерлерін де сапарымыздың мақсатын түсіндіргеннен кейін де, арнайы киіммен әрең кіргізді.

Біздің де жолымыз болғыш екен, сәл алдымызда сәтті отаның арқасында өмірін сақтап қалған науқас аяқтай келіп алғысын жаудырып кетіпті. Дәрігерлер мен медбикелердің көңілдері жайдары сәттеріне тап келдік. Бірақ та өмір үшін арпалыста жеңіске жеттік деп, қолы бос отырған ешкім жоқ, әрқайсысы өз жұмысынан бастарын көтере алмай жатыр.

Ал жаңағы отаға келер болсақ, бөлімге жол апатына ұшыраған орта жастағы ер адам түсіпті. Ес-түссіз, тіл байланған, қол-аяғы сынған, басынан ауыр жарақат алған. Бөлім меңгерушісі Серік Есниязовтың айтуынша, хирургияның ақ халаттылары мұндайға әбден еті төселген. Көп ойланып тұрмады, меңгерушінің нұсқауымен дереу науқастың басын арнайы апаратқа түсіріп, ота жасау керек деген шешімге келеді. Өйткені сүйек сынып, миға қадалып тұр екен. Медицинада «алтын сағат» деген ұғым бар, науқасқа дәл уақытында көмек көрсетілмесе, оның өмірі үшін күресте дәрігерлер ұтылуы мүмкін. Сол сәтті қапы жібермеуге тырысқан ұжым түгелімен аяғынан тік тұрып, науқасты ота бөлмесіне әкеліп, отаға Серік Наурызбайұлы  өзі кіріседі.

Ота сәтті аяқталғанымен, әрі қарай науқастың жағдайы қандай болары тағы алаңдатады. Біз бөлімде болған бірнеше сағаттың ішінде науқас есін жиып,  еңбектерінің нәтиже бергеніне қуанды. Солай болатынына сенген де еді. Осындай күрделі оталарды, өзге де  түрлерін жасап, артынан пациенттің қайта қалпына келуі үшін ем-дом жасап, күні-түні дамылсыз еңбек ететін ақ халаттылардың еңбегі қандай да мадаққа лайық.

Бөлімге келгесін, науқастармен тілдесіп кетуді де жөн көріп, есіктері айқара ашық палаталарды аралап шықтық. Бірден айта кетейік, аудандық аурухананың науқастарға жағдай тудырғаны көрініп тұр. Жап-жарық, кең палаталарда небары үш-төрт керуеттен орналасқан. Жағдайларын біліп, хал сұрасқанымызда, ем алушылардың бәрі бірдей  ұжымның хирургтерінен бастап, медбикелер мен  кіші қызметкерлеріне дейін ем-домы, жылы ниеттері үшін газет арқылы алғысымызды жазыңыздаршы деп өтініш білдірді. Әрбіріне разылықтары сондай, есімдері мен лауазымдарына дейін жаттап алыпты.   Осы бөлімде қызмет ететін хирургтер Дәурен Құдесов, Жанаргүл Қабдекеновалар да көптеген оталарды сәтті аяқтаған екен. Аға медбике Гүлжайнат Коняева, күндізгі және түнгі ауысымдардағы медбикелер Азиза Мұратша, Мария Линик, Жасылан Серікұлы, Ұмсынай Жаңғалиева, Жанар Жұмағазиева, Нұрсейіт Құспандардың да еңбегі ұшан-теңіз. Реаниматолог-анестезиолог Мұрат Социалов ота кезінде ғана емес, кейіннен де  науқастардың жағдайын жиі бақылап тұрады. Кіші қызметкерлер санатындағы  Мәншүк Хайруллина бастаған Рая Қиялова, Ұлмекен Молдағалиева, Ғани Хасанова, Света Әділовалар да пациенттерден қолдан келген көмегін еш аяған емес.

Міне, осындай ауызбіршілігі мол, білікті мамандардан тұратын ұжымның арқасында жол апатынан зардап шеккен науқас отадан соң тоғыз күн ем қабылдап, өз аяғымен жанұясына оралыпты. Оңалту шараларының шарапаты – біраздан соң бұрынғы қалпына қайта келеді.

Ұжымы кезекті алғысқа бөленіп отырған бөлім басшысын біз де әңгімеге тарттық.

– Біздің жұмыста, ең алдымен, білікті де, өз қызметіне адал кадрлар маңызды. Бізге науқастар түрлі жарақатпен түседі: бірі жол-көлік оқиғасына ұшыраса, бірі жоспарлы отадан өтуге келеді. Абайсызда денесіне пышақ тығып алып, ауыр жарақат алғандарды да көргенбіз. Осылайша жүрек пен бауырына пышақ тиген адамдарға жасалған талай отаның сәтті аяқталуы – тұтас ұжымның еңбегі. Қазіргі медицина бұрынғыдай емес, бұрын соқыр ішекті алып тастау үшін қарынды жаратынбыз (осы сөзді айтқанда, өзі де сәл жымиды дәрігер). Ал бүгінде теріні сәл тесіп, сол арқылы ағзаның ішкі органдарына ота жасаймыз. Міне, медицинаның жетістігі. Заманауи операциялық құрал-жабдықтарсыз біз осындай оталарды жасай алар ма едік? Жоқ, әрине. Осы орайда бізді қолдап, ерек-жарақпен қамтамасыз еткен аудандық аурухана басшысы Алмас Жүнісбековке алғыс айта кеткім келеді, – дейді С.Наурызбайұлы.

Жас та болса, қызметі аурухананың айнасы іспеттес хирургия бөліміне жетекшілік ететін С.Есниязов өзіміздің Қарауылтөбе ауылында дүниеге келген. Аядай ғана ауылдан түлеп ұшқан жігіттің арманы – дәрігер атанып, елге пайдасын тигізу-тұғын. Осылайша М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін бітірген түлек өзінің туған жеріне оралып, аудандық ауруханаға хирург болып орналасады.

– Ол кезде бөлімнің меңгерушісі, атақты хирург, өз ісінің маманы Владимир Плотников болатын. Бар білгенін бізге жалықпай үйрететінін жас мамандарға қамқорлығы деп түсіндім. Жол бойында болып жататын оқиғалардан зардап шеккендерге шұғыл ота жасағанда, күн болсын, түн болсын, қасынан қалдырмайтын. Біраз тәжірибе жинақтаған соң, өзіме ота жасауды тапсыратын болды. Орайы кеп тұрғанда, елдің ризашылығына бөленген медицина  ардагеріне өз алғысымды айта кетсем деймін, – деп қызметтегі ұстазына алғысын білдірді дәрігер.

Аудандық аурухананың хирургия бөліміне тек өзіміздің ғана емес,  көрші аудандардан да келіп емделетіндер  да бар екен. Тәуліктің қай уақытында болмасын, науқастарды қабылдап, олардың аяққа тұрып кетуіне барын салатын ұжым былтыр 134  ота жасапты. Тек үші айдың ішінде – 47 ота. Қай отаның да ауыр-жеңілі болмайтынын айтады бөлім меңгерушісі. Қарапайым соқыр ішек, жарты сағаттың ішінде бітеді деп кіргеннің өзінде 2-3 сағатқа созылатын да кездері болады.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале