Аудан, ауыл әкімдерінің халыққа есеп беруі – жергілікті басқарудың маңызды элементі, ол арқылы әкім өз аумағында атқарылған жұмыстар жайлы есеп береді, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдайды. Мұндай есеп беру жиындары жыл сайын өткізіледі және тұрғындар мен билік арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған. Мұндай жиындардың негізгі мақсаты – тұрғындардың сенімін арттыру, олардың сұраныстарын ескеріп, жергілікті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беру.
Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова ІІ жартыжылдық ішінде аудан көлеміндегі келелі жұмыстарды елге жеткізіп, халықтың ұсынысын тыңдау мақсаты үшін Ақжайық ауылына атбасын тіреді. Мәдениет үйіне жиналған ақжайықтықтарға сәлемдесіп, ізетпен сөз бастаған аудан басшысы баяндауғ қысқаша тоқталып, бірден еркін форматқа ауысып, тұрғындарды тыңдағанды жөн санады. Ауыл әкімі Болат Қадыралиев осы уақыт төңірегінде жүзеге асқан істерді баяндап, өз есебін берді.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан Ақжайықта 4061 халық тұрады. Бес елдімекеннен құралған ауыл өзара тату-тәтті һәм кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаған. Нақтырақ айтсақ, аталмыш ауылдық округте 43 кәсіпкер бар және аталған салада 41 адам жұмыс істейді. Тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы құс, бақ, мал шаруашылықтарын, мал бордақылау, көлік жөндеуді қолға алған. Ақжайықта 31 шаруа қожалығы болса, мал саны ірі қара 7742-ні, ұсақ мал 9277-ні, жылқы 3000-ды, құс 4120-ны құрайды. Әлеуметтік салаға тоқталсақ, 11 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылып, 44-і маусымдық жұмысқа, 11 жас «Жастар тәжірибесіне», 6 тұрғын қоғамдық жұмысқа кіріскен.
Болат Александрұлының айтуынша, ауыл тазалығы – басты орында. Төрт жалпы сенбілік өтіп, 8 тонна күл-қоқыс шығарылған. Сондай-ақ Ақжайық шипажайына ойын алаңы салынып, Талпындағы алаңға ағымдағы жөндеу жасалынған. Сүйіншілейтін хабарлар баршылық. Дегенмен елді алаңдатқан өзекті түйткілдерді айтпай өтуге болмас.
Ауыл әкімінің есебі басталмас бұрын ауыл тұрғыны, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің облыстық департамент басшысы болған Мәлік Кенжалиев жиынды тоқтатуды сұрады. Себебі бұл жүздесуді бүтін Ақжайық естімеген. Алдын ала хабарлап, халықты жинамаған ауыл басшысына ашынған ол бірден тоқтау қойып, басқа күні өткізуді сұрады. Десе де аудан әкімінің халыққа есеп беруі аудан айнасына, яғни «Теректі жаңалығы» газетіне жарияланған еді. Мұны түсіндіре берген едік, газетті ешкім оқымайды деген сыңай танытты. Оның үстіне «фотограф, суретіңді түсір де, үндеме» дегенге саятын Мәлік Сәбитұлының ой-пікірі қоғамда журналистің абыройы да, беделі де жоқтығын көрсеткеткендей. Әйтпесе төртінші билік өкілдеріне яки билік пен халықтың арасындағы көпірге, одан қалды аудандық газетке жекіре сөйлемес еді.
Хош... Ол ауыл тұрғыны ретінде біраз мәселені жайып салды. Оның бастысы – жұмыссыздық. Елдімекендердегі жастардың сенделіп, не болмаса вахтаға ағылып жатқанына ашынды. Осы орайда жастарды жұмыспен қамтып, ауылда ұстап қалудың кезек күттірмейтін шаруа екендігін айтты. Бұл сауалға Болат Қадыралиев жол жөндеуге, қанша құрылыс жұмыстарына жастарды шақырғандығын айтты. Дегенмен олардың ауылдаға қандай да жұмысқа құлықсыз болғанын жеткізді. Содан соң игерілмей жатқан жерлерді қайтару туралы да ойын ашық білдірді. Саналы ғұмырын Ата Заңға арнап, заң аясында іс қылған Мәлік Кенжалиев бір амалын табуды ұсынды. Бос жатқан жердің жау шақыратыны белгілі. Ел көкейіндегіні дөп басқан сұраққа аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов пен аудан әкімінің орынбасары Дамир Ғұмаров үн қатты.
Алдағы жоспарда ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу жүргізу, дене шынықтыру, сауықтыру кешенін салу, Абай ауылының кірмежолына қатқыл табан төсеу, медициналық пункт салу, Ақжайық шипажайына мектеп салу, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су тарту, Талпын ауылына спорт алаңын салу сияқты ауқымды жұмыстар тұр.
– Бүгінгі кездесу барысында айтылған мәселелерді шешу бойынша іс-шаралар жоспары жасақталады. Көтерілген мәселелер мен сын-ескертпелер жоспарға міндетті түрде енгізіліп, бақылауға алынады және орындалуы тоқсан сайын өтетін кездесу барысында баяндалады, - деді өз сөзінде Болат Александрұлы.
Әлия Биғазықызы мен дербес бөлім басшылары жиыннан кейін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы