Жанама ауылында тұратын Қамажай Абдрахманова әжеміз – 90 жаста. Осы жасқа жеткенше, ел тағдырына қатысты бірде-бір науқаннан тыс қалмаған кейуана бүгін №35 референдум учаскесіне аяқтай келіп, дауыс берді. Жасы егде тартса да, жады мықты ауыл тұрғыны осылайша маңызды науқанның ардагері атанды.
«Елімнің амандығы, тәуелсіздігі үшін, болашақ ұрпақтың жарқын кемелі үшін өз таңдауымды жасап, дауыс беруге келдім. АЭС салына ма, салынбай ма – осы сұраққа бүгін халық өз жауабын беруде. Осы науқанды ұйымдастырып, халықты дауыс беруге шақырған жандарға алғыстан басқа ештеңе айтпаймын. Барлығы еліміз үшін жасалып жатырған игі қадамдардың бірі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп бата берді кейуана.
Айта кетсек, №35 сайлау учаскесіне 389 дауыс беруші тіркелген. Мұнда тұрғындардың сайлауға деген белсенділігі өте жоғары. Таңнан бері 95 адам өз таңдауын жасаған. Ал жүріп-тұруы қиын жандарға комиссия мүшелері өздері барады. Олар үшін барлық жағдай жасалған.
Әсел Сағын
Ақжайық ауданы