Саф алтындай жарқыраған сөз өнері, қазақ әдебиеті адам жанының дәрігері іспетті. Қаншама ақын-жазушы қоғамды жарқын жолға бастайтын көптеген мұра қалдырды. Оны оқып өскен әр өскелең ұрпақ өмір жолында адаспасы белгілі. Өңірімізде өмірге келген қарымды қаламгерлер ұлттық әдебиетке еселі еңбек сіңірді. Ақжайықтың Ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгерейқызы өзінің сұхбатында:
Әдебиет қай жерде де уақыт тынысымен бір дамып, алға жылжып отырады. Болашақта біз аймақ қаламгерлерінің озық шығармаларын өзге тілдерге аудару мәселесін қолға алғалы отырмыз. Бүгінгі жастар еңбекқор, жемісті еңбек етуде. Жас қаламгерлерден күтетін үмітіміз зор. Жастардың нағыз жанатын шағы ғой, өйткені оған мүмкіндік бар: ой еркіндігі, ұлт еркіндігі, заман еркіндігі бар. Тек «әдебиет – ардың ісі» екенін ұмытпай, жанкешті еңбек ету керек, - деген еді.
Міне, бүгін қазақтың аяулы ақын қызының 80 жас мерейтойы қарсаңында ақын туып-өскен мекенде, яғни Ақжайық ауылында Әдебиетшілер үйі ашылды. Ашылу салтанатына өңіріміздің қарымды қаламгерлері Бауыржан Ғұбайдуллин, Қазбек Құттымұратұлы, Үзілдік Елеубайқызы, Мира Сүйінішәлиева, Ғайса-Ғали Сейтақ, Талап Таймасұлы, Сағынтай Бисенғалиев, Дариға Нұрашева, Мұнайдар Балмолда, Мәрлен Ғилымхан, «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Клара Қамбетова, Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов қатысты.
– Осы ғимаратта жұлдызы өшпейтін туындылар өмірге келеді деп сенемін. Ауданымыздың руханияты қарыштап дамып, қанатын кеңге сермейді деген ойдамын. Осы орайда ашылу салтанатына арнайы келіп, сүйінші жаңалықпен бөліскен шақырулы қонақтарға, облысымыздың зиялы қауым өкілдеріне аудан жұртышылығы атынан алғысымды білдіремін. Әдебиетшілер үйі жаңа бастамаларға серпін болсын, - деді аудан басшысы өз сөзінде.
Еліне сыр айтқан ақын анамыз ағынан жарылды. Әсіресе қоғамдағы түйткілді тап баса айтып, көңілі толқыды.
– Мен осында думандатып, тойлауға келмедім. Сыр шертісіп, мұңымды тарқатқалы келдім, - деді ол өз сөзінде.
Әдебиетшілер үйінің лента қию рәсімі Теректі ауданының әкімі Әлия Биғазықызы мен Ақұштап Бақтыгерееваға берілді.
Салтанатты ашылудан соң руханият ошағының менмұндалап тұрған, заман талабына сай жасақталған бөлмелерімен танысты. Оның ішінде Жайықтың Ақ шағаласына арналған бөлмеден өлең лебі есті. Өйткені мұнда ақынның үстелі, суреттері, қолданған жеке заттары бар.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы