Ақжайықта халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері күні аталып өтті. Қазан айының соңғы жексенбісіне сәйкес келетін кәсіби мерекеге орай өткен бас қосуда сала қызметкерлерін аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтап, сөз сөйледі.
-Айналасына мейірім мен шуақ шашқан сала қызметкерлерінің төл мерекесі 7 жылдан бері аталып өтіп келеді. Ауданда бұл саланы қамтыған жұмыстар жүйелі жетіліп келеді. Қандай да бір көмекке мұқтаж жандар материалдық қажеттілікпен қатар сіздердей жандардың қамқорлығын керек етеді. Осы орайда әлеуметтік сала қызметкерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың белгілеген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда еселі еңбек етуде,-деді ол.
Аудандық мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Серік Бақманов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады.
Бөлім басшысының айтуынша, бөлімде үйден әлеуметтік қызмет көрсетудің екі аралас бөлімшесі халықтың әлжуаз топтарына қызмет көрсетіп келеді. 2 бөлімше меңгерушісі, 2 әлеуметтік кеңесші және 48 әлеуметтік қызметкер аудан бойынша 201 адамға қолғабыс береді. Оның 107-сі жалғызілікті қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, 94-і мүмкіндігі шектеулі жас балалар.
Жалпы ауданда 1354 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Жыл басынан бері «Капустин Яр» және «Азғыр» полигонды аймақтарымен шектесетін аумақта тұратын 425 жанға 12 529 мың теңге, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 156 баланың ата-анасына 1 560 мың теңге, сондай балаларды үйден күтіп, тәрбиелеп отырғаны үшін 20 отбасына 1 136 мың теңге көлемінде жәрдемақылар берілген.
Мерекелік басқосуда сала қызметкерлерінің атына ізгі тілектер арналып, чапаевтық әлеуметтік кеңесші Айдана Жазықбаева, жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі Асылан Биғалиев облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғысхатына, чапаевтық әлеуметтік қызметкер Гүлбану Күнбатырова облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің салалық кәсіподағының алғысхатына, аталмыш бөлімнің бас маманы Жұмабек Ғалымжанов, есепшісі Наргиз Қоңыратбаева аудан әкімінің алғысхатына ие болып, бірқатар үздік қызметкерлер жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы басшылығының, аудандық мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағы төрағасының алғысхатымен марапатталды.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Ақжайық ауданы
Суретті түсірген автор
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!