Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин бүгінде облыс орталығында тұратын ақжайықтық еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді.
Жиналғандар алдымен аудан өміріндегі оң өзгерістермен, жыл әкелген жаңалықтармен, таяу кезеңдерге белгіленген мақсаттармен экраннан көрсетілген бейнефильмнен кеңінен хабардар болды.
Мұрат Амангелдіұлы өз сөзінде автожолдарды жайландыруға, жаңа мектеп, мәдениет ошақтары құрылыстарына қатысты жоспарларды ортаға салды. Ол ауылдағы немесе шаһардағы аға толқынмен, кезінде ауданда сан-салада еңбек еткендермен байланыс үзілмейтінін, олардың бай тәжірибесі, ортақ мәселелерге орай ұсыныстары әманда зор тірек екенін атап көрсетті.
«Гузель» ресторанында ұйымдастырылған бұл жүздесу барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов өткен көктемдегі су тасқыны кезінде тілсіз дүлейді ауыздықтауға үлес қосқан Ұмсындық Хайрошқызы, Қазихат Тасболатұлы, Сәуле Нұрғалиева сынды ардагерлерге облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын тапсырды.
Кезінде ауданда жауапты қызметтерде болып, ұжымшар басқарған, бүгінде 70 жасын қарсылап отырған Сапа Айсахаев қалалық ардагерлер кеңесінің «Халық құрметі» төсбелгісімен қошеметтелді.
Жиналғандар ауылдар тарихын түгендеуге, жастар тәрбиесіне, сондай-ақ Ұлы Жеңістің алдағы мерейтойына дайындыққа қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Мәдениет қызметкерлері ән әуелетті.
Бекем Бекұлы
Ақжайық ауданы