4.10.2018, 12:26
Оқылды: 45

Ақжайықта әжелер байқауы ұйымдастырылды

Ауыл, ел алдында зор беделі, абыройы бар жандарды қалың көпшілікке өнеге тұту басты бір назарда ұсталуда. «Мен анамын, ұрпағын әлдилеген!» атты аудандық әжелер байқауы соның бір жарқын көрінісіне айналды. Оған ауылдардан 12 әже келді. Қатысушылар арасында ең жасы 45, ең үлкені 78 жаста болды.

IMG_7462

         Ақ жаулықты әжелер шара шартына сай, салт-дәстүрімізді сақтап, өрістетуге қатысты толғамдарын баяндай отырып, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» атты кезеңде ғасырлар тереңінен аманат болып жеткен құндылықтарымыздан сахналандырылған көріністер көрсетулері әркімнің өресіне, оқып-тоқып ізденуіне бір сынақ болды. Нәрестені қырқынан шығару, бесікке бөлеу, тұсауын кесу сынды отбасылық мерекелер кім-кімді де әрдайым тебірентері анық. Қатысушылар соның бәрінен жақсы хабардар екенін танытты.

         «Білім мен парасат сыны» кезеңінде ұлттық дүниетанымызда тыйымдар мен ырымдардың, наным-сенімдердің алатын орнын ашты.   «Шебердің қолы ортақ» кезеңінде әжелер құрақ көрпелерді белгіленген уақыт ішінде құрастырып, көпшілік көңілінен шықты.

         Шара қорытындысымен бірінші орынды тайпақтық Бақытжан Жұбанышқалиева иеленді. Ол барлық шартты ергезектікпен орындау ерекшелігімен көзге түсті. Б.Қуанышқызы «Алтын алқаның» иегері. Ұл-қыздары жер-жерде мұғалім, құрылысшы, музыкант, зергер болып қызмет жасауда. Зейнет жасына дейін «Айгөлек» балабақшасының асханасында еңбек еткен ол 2004 жылдан «Ақтілек» әжелер ансамблінің мүшесі болып табылады. Аталған өнер ұжымы аудандық байқауларда үздік орындарды иеленіп жүр.

         Қабылдық Ұлдай Салыхова мен жайықтық Нұрсұлу Есқалиева ІІ орынды бөлісті. Айталық, Нұрсұлу Есқалиқызы 33 жылдай ұстаздық қызмет еткен, өнерлі отбасының шырағы, «Күміс алқа» иегері ол бүгінгі таңда алты баласынан он төрт немере, үш жиен, төрт шөбере сүйіп отыр. 2008 жылдан «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі.

         ІІІ орынды мергендік Балғаным Қайыржанова, алмалылық Сәнім Жөкешова мен алғабастық Дәмелі Бисенғалиева еншіленді.   Қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар табысталды.

Нұрхат МАҒЗОМОВ,

Ақжайық ауданы

суреттерді түсірген автор

zhaikpress.kz

IMG_7521

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале