Әр заманның өз батыры бар. Қаралы қаңтарда ел басына күн туған сәтте, жанқиярлық ерлік көрсетіп қаза тапқандардың бірі – Ақжайық ауданының тумасы, І дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Сәндібек Қайыров.
Жыл сайынғы дәстүрге сай, лаңкестердің қолынан қаза тапқан жерлесін аудан жұртшылығы еске алды.
7-8 маусымда Чапаевта еркін күрестен кіші жасөспірім ұлдар арасында Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне 30 жыл толуына және батырды еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті.
Сайыста Ресей Федерациясының Дағыстан, Чувашия, Мордовия, Удмуртия республикаларынан және Ульяновск, Новотроицк қаласы, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облысы, Орал қаласы, Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе, Қазталов, Сырым, Шыңғырлау, Тасқала және Ақжайық ауданының балуандары белдесті.
Сайыстың ашылу салтанатына аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, облыстық грек-рим еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Мадияр Құрманғалиев, Сәндібек Қайыровтың ата-анасы Ғалимолла мен Жұмағаным Қайыровтар және БҚО әуе-десанттық әскерлері мен арнайы мақсаттағы әскерлер қоғамдық бірлестігі төрағасы Марлен Ығылманұлы қатысып, балғын спортшыларға сәттілік тіледі.
Қаңтардың ызғарында ел бірлігіне қауіп төндірген террористерге қарсы тұрған С.Қайыровтың қазасы аудан жұртшылығы үшін орны толмас қайғы болды.
Еске сала кетсек, Сәндібек Ғалимоллаұлы Жайық ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген.
Мектепте оқыған кезінен-ақ, бозбала жауапкершілік жүгі салмақты әскери қызметте болуды армандады.
Арманы алдамады да – 1996 жылы 8 сыныптан соң Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатының курсанты атанады. Балғын кезінен Отанын қорғауды тілеген ол мектепті тәмамдаған бойы С.Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына түседі.
Кейін офицер Ұлттық қорғаныс университетінде біліктілігін арттырады. Қарулы күштердің қатарында ақжайықтық азамат взвод командирінен десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары лауазымына дейін көтерілген.
Сайыс барысында қатысушылардың жүлдені қолдан бермеу үшін тыңғылықты дайындалып келгендері байқалды. Негізі спорттың қай түрі болмасын, жеткіншектің ақыл-ойын жетілдіріп, физикалық мықтылығын, ерік-жігерін шыңдайтыны сөзсіз.
Бұл жарыстада жанкүйерлер балғын балуандар жеңілгеніне намыстанып, көз жасын ұстай алмағанына, оның қарсыласының шынайы ықыласпен арқасынан қағып, жұбатқанына талай мәрте куә болды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Нұрбек Ихсан
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz