16.03.2021, 18:15
Оқылды: 44

Ақжайықта белгілі бағбанмен кездесу өтті

Апта сейсенбісінде Ақжайық ауданы орталығында «Менің аулам – менің бағым» тақырыбы аясында белгілі бағбан Қайрат Кәрімовпен кездесу өтті. Алма ағашын күтіп-баптау, өнімін арттыру бағытында әңгіме өрбіген шараға ауылдық округ әкімдері, жергілікті кәсіпкерлер, «Еңбек» бағдарламасы арқылы грант алуға ниетті тұрғындар қатысты.

IMG_9798 (1)

Кешті жүргізген аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев алдымен бақша шаруашылығын дамытуда қызметі елеулі бағбанды жиналғандарға таныстырды.

«Биыл облыс әкімі Ғали Есқалиевтің ұсынысымен «Еңбек» бағдарламасы арқылы шағын бизнесті дамытуға берілетін гранттың аясына бау-бақша саласы да енгізілмек. Ауданда бұл бастаманы жүзеге асыру мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Жайықтың қос жағасын қатар жайлаған өңірімізде бағбандықпен айналысып жүрген жандар бар. Дегенмен, қадаған қазық көктейтін құнарлы жері бар елдімекендерімізде әр аулада жеміс ағашы жайқалып тұрса, бұл үрдіс жаппай көрініс алса, ғанибет емес пе?! Бүгінгі қонағымыз бау-бақшаның бабын білетін Қайрат Кәрімовтың да мақсаты осы – сіздерді жеміс ағаштарын өсірудің қыр-сырымен таныстырып, өнімнің мол болуының құпиясымен бөліспек», - деді ол.

IMG_9820

Сергей Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық бақ-тұқымбақта жеміс ағаштарының теңдессіз қоры жинақталған. Атап айтсақ, 7 гектар алқапта алма ағаштарының 200 түрі, жүзімнің 170-тен астам түрі өсіріледі. Тұқымбақ иелері орыс, тәжік, башқұрт ғалымдарымен тығыз байланыс орнатқан.

– Біздің басты мақсатымыз – тұқымбақтағы өскіндерді сатып, пайда табу емес, облысымыздың үлгісінде ауа райы қолайсыз аймақтарда өндірістік бақша шаруашылығын дамыту, - деді Қайрат Кәрімов.

– Бұрындары облысымызда 750-ге тарта алма бағы болған екен. Өкінішке қарай, тоқырау кезеңінде олардың тек бірқатарын ғана сақтап қалдық. Сіздердің аудандарыңыздың да кезінде жайқалған алма бақтарымен  атағы шыққаны мәлім. Біздің қызметіміз осы үрдісті қайта жаңғыртуға бағытталған.

Алманы жақсы көрмейтін адам жоқ, сірә. Қазір экологиялық тұрғыдан алғанда зиянсыз өнімдер жоқтың қасы. Сондықтан әр өңір өз өнімдерін өздері, ешқандай қоспасыз, пестицидсіз өсіргені жөн. Дұрыс тамақтанған ғана адамның дені сау болмақ. Сонымен бірге біздің өңірдегі ауа райына бейімделіп өскен алманың пайдасы молырақ және дәмінің тәттірек, биохимиялық құрамы бойынша дәруменге бай болатыны ғылыми дәлелденген, - деді бағбан.

IMG_9793

Әрі қарай ол тұқымбақта өсірілетін алма ағаштарының сұрыптарымен таныстырып, олардың артықшылықтарына тоқталды.

Бұл кездесу әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы, ZOOM платформасында вебинар форматында қалың көпшілікке таратылды.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале