3.06.2019, 15:54
Оқылды: 58

Ақжайықта экспедиция жолға шықты

Ақжайық ауданы аумағындағы құлыптастар, қорымдар тағы бір қайтара тереңірек зертеледі. Бұл ауқымды жұмысты қолға алып отырған облыстық тарих және археология орталығы директоры Жантас Сафуллинді, белгілі өлкетанушы Әленғали Кереев бастаған топты бүгін аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдап, тарихи-танымдық ғылыми-зерттеу экспедицияның жұмысына сәттілік тіледі.

aqjaiyq ekspedicia (1)

         –Қазақ даласы тарихқа өте бай. Оны зерделеуде ғалымдардың, өлкетанушылардың еңбегі зор. Аудан аумағында да сыр бүгіп жатқан қанша тарихи мекен, орындар бар. Киелі де қасиетті жерлердің сипатын, маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіруде аянбауымыз керек. Себебі, өз тарихын білген болашақ ұрпақ келешекте сол бабаларындай ұлы істерге талпынады. Экспедицияның жұмысын қашанда қолдаймыз,-деді аудан әкімі.

Жантас Сафуллин жобаға жанашырлық танытып отырған аудан әкімдігіне зор ризашылығын жеткізді.

–Аталмыш жобамыз облысымыздың барлық ауданында жүзеге асады. Көлемі жөнінен үлкен болып саналатын Ақжайықтағы сапарымыздан олжалы ораламыз деп ойлаймын. Бұл сапар аясында ескі қорымдар мен құлыптастар толық зерттеледі. Олардың кординаттарын анықтап, нөмірлейміз, электронды картаға саламыз. Кейіннен құлыптастағы жазулар аударылып, сараптамалық мақалалар жариялайтын боламыз. Сонымен қатар осы өлкедегі сәулет өнерін дәріптеп, зерделейміз. Осы жұмысқа ауылдардағы тарих пәнінің мұғалімдері, тарихқа қызығушылығы бар оқушылар қамтылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл істердің үлкен шежірелік мәні бар,-деді Жантас Нәбиоллаұлы.

aqjaiyq ekspedicia (4)

Экспедиция мүшелері маусымның үші мен тоғызы аралығында қорымдарды аралайды. Осы уақыт ішінде аудан аумағындағы араб жазуы бар құлыптастарды тәпсірлеп, GPS координаттарын анықтамақ. Қалмақ басқыншылығы мен орыс отаршылдығына қарсы күрескен батырлар зиратын іздестіру де басты мақсат. Жалпы ұзындығы 1 134 шақырым сапар барысында аталған топ Атырау облысымен шекара аймақтарын, ауданымыз аумағын толық қарап шығады. Өлкетанушы Әленғали Кереевтің айтуынша, әзірге 14 батыр, 2 әулие құлыптасын, 12 мешіт, 2 медресе орындарын зерттеп, фотосуретке, картаға түсіру жоспарланған.

aqjaiyq ekspedicia (3)

Осында еңбек ардагері, өнертанушы Аманғали Қайсағалиев экспедиция мүшелеріне Жайықтың тек сол жақ жағалауын ғана емес, оң жағалауын да қамтыса деген өтінішін жеткізді. Мерген, Битілеу ауылдарының тұсында, Грачи өзенінің бойында тарихи орындар, сыры ашылмаған құлыптастар бар.

Әленғали Кереев, белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов, тарихшы Алдаберген Сәрсеков, ақын Сағынтай Бисенғалиевтер алып-қосар ұсыныстарымен бөлісті.

Бекболат Қаленов,

суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале