9.04.2018, 15:41
Оқылды: 47

Ақжайықта Ілия Жақановпен кездесу өтті

Чапаевтағы «Өркен» жастар орталығында белгілі композитор, жазушы, публицист, музыка танушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановпен кездесу өтті. Шарада аудан әкімі Әділ Жоламанов, Ілия ағамыздың жары Тиыш, қызы Ләйла болды. Ақын Сағынтай Бисенғалиев жүргізген әсерлі кеште мейманмен емен-жарқын әңгіме өрбіді.

Мәдениет саласының қызметкерлері, тұрғындар, жастар алдында құрметті қонақ әңгіменің әлқиссасын әйгілі «Еділ-Жайық» әнінің қалай дүниеге келгенінен бастады. Арынды ақын Жұбан Молдағалиев сөзін жазған керемет әнді білмейтін қазақ жоқ. Оның айтуынша, Ілия аға дүниеге келер сәтте олардың ауылы Жамбыл облысы, Қаратаудың теріскей бетінде болса керек. Жер-дүние жайнаған, гүлдеп тұрған көктем уақыты екен. Алаңсыз жатқан ауыл күйбең тіршілікпен жүргенде, кенет көкке қара бұлт үйіріліп, аяқасты қар жапалақтап жауады. Сол сәтте Ілияның анасы толғатып, өмірге ұл келеді. Табиғаттың тылсымын қарасаңызшы, анасы аяқ-қолын аман-сау бауырына ала бере, жаңағы қар сап тыйылып, күн қайтадан шуағын төгеді. Бір қызығы, қардың ызғарынан бір де бір қызғалдақ үсімепті. Қар еріп, сай-саланы су алып жатқанда қариялар «жер-дүние Еділ-Жайық болып кетті» деп әр жерде айтып жатыпты.

Бұл оқиға үлкендердің айтуымен композитордың есінде мәңгі сақталған. Кейін, 1981 жылы үлкен ұлы үйленер сәтте, тойдың әлдебір әлегімен үйінен шыққалы жатқан І.Жақанов терезеден тысқа көз шалса, дүние құлпырып тұр екен. Дереу, күйсандыққа отыра қалып, Жұбан ағаның тамаша жырының «Құлпырады дала, гүлдейді орман» деген жолдарын әуенімен орындайды. Оны әрі қарай өрбітіп, «...ағады шалқып, аққулар қалқып, Еділ мен Жайық» деген сөздер оралып, бас-аяғы 5 минөт төңірегінде ғажап ән құйылып түседі.

«Ағамызбен ән сөзінің бірнеше үлгісін жасап, тоғызыншы нұсқасына тоқталдық»,-дейді І.Жақанов. Оған дейін екеуі «Гүл едің», «Айнагүл» атты туындыларды дүниеге әкелген.

Кеш барысында ағамыз тәу етер тәуелсіздікті жауқазын жастарымыздың бағалай білу керегін баса айтты. Яғни, азаттығымызды біліммен, өнермен нығайтуға жас ұрпақ атсалыспағанда басқа кім. Кеңес Одағы тұсында туған рухты әндердің егемендік алғалы азайғанын да өкінішпен әңгімеледі. Дейтұрғанмен, қазақ даласында әлі де ұлы сазгерлер мен ақындардың дүниеге келеріне үмітпен қарайтынын жеткізді. Жастар тарапынан сауалдар қойылды. Алаштың әйгілі азаматы суретші ретінде де белгілі. Бас қосуда кейіпкердің бұл қыры да сөз болды.

Кеш соңында абзал аға өзіне, өнерге әрқашан қолдау білдіріп жүрген аудан әкімі Әділ Жоламановқа, тұрғындарға зор алғысын арнады. Оған қоса ауданға арнайы өзімен бірге алып келген құнды кітаптарды сыйға тартты.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале