Бүгін аталмыш орталықта өткен «Қазақ барда Жұбан рухы мәңгілік» шарасы осыны кезекті мәрте айғақтады.
Бұл шараға арнайы Махамбет Өтемісұлы атындағы университеттің филология факультетінің ІІІ курс студенттері ұстаздары Сәкен Әбілқайыровпен бірге келіп, аудан қаламгерлері, желтоқсаншылар, БАҚ өкілдері, оқырман қауым қатысты.
Алдымен жиналғандар Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақынның рухына тағзым етті. Содан соң орталықтың жұмысымен танысып, Арман Шыңғалиев оның «Анкетама қосымша» өлеңін оқып берді.Аталмыш шараның тізгінін ұстаған кітапханашы Мейірман Шәкенов қонақтар мен қатысушыларды таныстырып шыққан соң, заманның ығына жығылмаған қайсар ақынның көзі тірісінде жасаған үш ерлігі: майдандағы батырлығы, «Мен қазақпын» поэмасы арқылы күллі қазақтың намысын оятқаны, Желтоқсан оқиғасында жастарға жасалған қиянатты қаймықпай биліктің бетіне басқаны жөнінде айтып, Ақұштап Бақтыгерееваның «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңін оқып берді.
– Дәл мұндай басқосу болады деп күтпедік. Өзге аудандарда тек мұражаймен танысып шығатын едік. Ақынның өміріне терең бойлатқан бүгінгі шара болашақ журналистер үшін ұмытылмас зерде сағаты болатынына сенімдімін. Біртуар тұлғамыздың туған мекеніне, оның шығармашылығын ұлықтайтын атакіндігіне сапарымыздың мақсатым да осы. Жұбандай қайсар рухты ақындар аз қазақта. Оның артында қалған теңдессіз мұраны сақтап, шырақшысына айналған сіздерге ризашылығымыз зор, – деді ол.
Желтоқсаншылардың атынан сөз сөйлеген Мәлік Мұхтар алаңда жастардың көрген азабы күллі халықтың жүрегіне жара салып, осылайша тәуелсіздігіміздің бастауына айналғанын айтса, ардагер-ұстаз Алдаберген Сәрсеков ақталуына өзі үлесін қосқан Желтоқсан құрбаны Гүлзада Халелованың қысқа ғұмырын сипаттап берді.
Сондай-ақ ол осы оқиғаға арнаған «Орындалған аманат» кітабын С.Әбілқайыровқа сыйға тартты. Жұбан рухымен сырластырған жүздесуде еңбек ардагерлері Құрман Бисеғалиев, Бақтығали Қоспаевтар сөз сөйлеп, болашақ журналистерге ақ баталарын арнады. Ал аудандық басылымның редакторы Әлия Шарапиева мен журналист Борис Мырзағалиев тілшілік қызметтің сан қыры туралы ақпарат берді.
Шара соңында А.Шыңғалиев Қалқаман Сариннің «Жаңарған бақыт» өлеңін оқыды.