31.10.2024, 11:30
Оқылды: 144

Ақжайықта күздік бидай бітік шықты

Соңғы жылдары шаруаларымыз суармалы егістікте заманауи, алдыңғы қатарлы дүниежүзіне танымал жаңбырлатып суаратын құрылғылар орнатып, өнімділігі жоғары, құнарлы мал азықтық дақылдар мен жемдік мақсатқа бидай егуді қолға алып жатыр.

464474066_1269429887814193_2509834422741334986_n

Мұндай бетбұрыстың мақсаты – кейінгіде болған қуаңшылыққа тәуелділіктен арылу, малға қажет жемшөп қорын жеткілікті мөлшерде дайындау.

Биылдың өзінде еңбеккерлер 2 380 гектар танапқа біржылдық және көпжылдық шөп ексе, құрылғанына екі жыл болған «Ақжайық-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 гектарға жаздық бидай егіп, жинап алыпты. Айта кетейік, мұндай тәжірибе 2010 жылдан бері алғаш рет қайталанып тұр. Сонымен қатар серіктестіктің 160 гектар алқапқа сепкен күздік бидайы да өнік шығыпты.

Бұған «Ақжайық-Агро» ЖШС-іне тиесілі танап басында болған аудан әкімінің орынбасары Денис Умашев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Бәкіровтің көзі жетті.

Аталмыш серіктестік кәсіпте ілгері технологияны енгізудің тиімді жолдарын да жетік меңгерген. Танапты суару түгел автоматтандырылған – серіктестік былтыр австриялық «Bauer» компаниясының 4 жаңбырлату қондырғысы және ресейлік «БСГ» компаниясының «Кубань-С» жаңбырлату қондырғысын сатып алып, жұмысқа қосса, қазірде соңғы аталған қондырғының екеуін орнатуда. Серіктестіктің құрылтайшысы Михаил Марченконың айтуынша, қосымша орнатылған техниканың көмегімен қосымша 600-700 га алқапты суаруды автоматтандыруды көздеп отыр.

88

– Бұл серіктестікті Баяновтар мен Марченко отбасы болып 2022 жылы құрдық. Жаңа кәсіп болғасын, аяққа тұрып кету үшін өз қаражатымыздан 600 млн теңгеге жуық инвестиция салдық. Біздің мемлекетімізде іскер жандарға қолдау – молынан. Соның бір дәлелі – сатып алған техника құнының 70-80 пайызы субсидиямен қайтты. Жер бұрын өңделмеген соң, арамшөп көп шығады. Оларды жою үшін арнайы гербицидтермен танапты өңдеген едік, оған да субсидия төленді. Біздің қызметтегі бағытымыз – мал шаруашылығын өрістету, сонымен қатар өзімізге қажет жемшөп қорын өзіміз қамдау.

Сондықтан биыл 500 гектарға жазғы бидай егіп, күзде орып алдық. Қондырғыларды жай орнатқан соң, тек бір рет қана суарып үлгердік. Соған қарамастан, өнімділігі – гектарына шамамен 15-16 центнердей. Жер тың, сондықтан өнімі де мол. Осыдан бір-екі ай бұрын сепкен күздік бидайымыз бітік шықты.

Өнімі жағынан жаздық бидайдан артық болмаса, кем түспейді деп үміттеніп отырмыз. Келесі көктемде танаптарға дәнді және бұршақ дақылдарын себеміз, – дейді М.Марченко.

Әсем Серікқызы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале