Ақжайық ауданында Кеңес Одағының Батыры Михаил (Бимағамбет) Абдоловтың 100 жылдығы кеңінен аталып өтті.
Республикалық шаралар тізіміне енген мерейтой осы жылдың басынан аудан ауылдарында Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігі тақырыптарына арналған алуан жүздесу, дәрістер, облыстық ғылыми-танымдық конференциямен айшықталды.
Батыр туған топырақ – Жамбыл ауылдық округінің орталығындағы оның ескерткіші жанына жиналған қалың жұрт, батырдың ағайын-туыстары, аудан әкімі Әділ Жоламанов, облыс әкімінің қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі көмекшісі, полковник Мақсот Мұқанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист, ақын Айтқали Нәріков, Қазақстан Халқы Ассамблеясының БҚО бойынша төрағасы Ғайса Қапақов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, шаңғы және велоспорт түрлерінен КСРО спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Асқар Шораев қаһарман рухына тағзым етті.
– Отан үшін жанын шүберекке түйіп, қан майданда от пен оқтың арасында аянып қалмаған әр батыр қандай да құрметке лайық. Михаил Абдолов сол соғыста айрықша ерлік көрсетіп, ең абыройлы атақ алды. Тектілік, батырлық бір өзінің бойында болған ардақты жанның жүз жылдығы Ұлы Жеңістің рухын тіпті асқақтатуда. Отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуде дәл осындай ерлерді ұлықтау, ерлікті насихаттау басты борышымыз,-деді Ғ.Қапақов өзінің құттықтау сөзінде. Полковник М.Мұқанов әлемдегі прогресшіл күштерге аса қатер төндірген фашизмге қарсы күресте Отанға деген адалдықты көрсете білген М.Абдолов секілді тұлғалардың өршілдіктері бүгінгі патриоттарды тәрбиелеу үшін зор үлгі екеінін айтты. Батырдың көзін көрген, жұмыстас болған еңбек ардагері Ғилаж Лұқпанов өткен жылдардын естеліктер айтып, баһадүрдің жарқын бейнесін, болмысын әңгімеледі.
Содан кейін қалың жұрт дақты датаға байланысты Чапаев – Жамбыл бағытында ертеңгілік басталған «Ақжайық марафоны – 2018» эстафеталық жүгіруге қатысушыларды қарсылады. Аудан орталығынан қозғалған жүгіруге қатысушылар 64 шақырымды ойдағыдай артқа тастады. Яғни, аудандағы 18 ауылдық округтің әрқайсысынан 14 жүгіруші ерлер мен әйелдердің бәрі мерейтойға деген өздерінің зор құрметін танытты.
– Даңқты жерлесіміз Михаил Абдоловтың 100 жылдығын мерекелеу осы жылдың ең ұлық күндерінің бірі. Өйткені, қасіретті жылдары ерлік көрсетіп, соңына қайсарлықтың ешқашан ұмытылмайтын ізін қалдырған атамыздың өмір жолы баршамызға айтулы өнеге болып табылады. Бұл елдіктің тойы, ата-баба аманатына адалдықтың тойы. Осы күн құрметіне жүгіру эстафетасының да бәсі биіктегеніне көз жеткізіп тұрмыз. Дене шынықтыру мен спорт та әрине, үлкен шаңырағымыздың бір уығы. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына орай әр қазақстандықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында талай іс атқарылуда. Осы жылы көптеген бұқаралық спорт түрлерінен бәсекелер өткізіп, жеңімпаздарды қомақты қаржылай қолдаумен ынталандырып келеміз. Мұның бәрі саламатты өмір салтына жол салуда. Батыр атамыздың тойына атсалысқан барша спортсүйер қауымға алғыс айтамын,-деді өзінің құттықтау сөзінде аудан әкімі Әділ Жоламанов.
Жарты күнге созылған жүгіру бәсекесінде өзгелерден оқ бойы озық келген Сарытоғай ауылдық округінің командасы жеңіске жетті. Топжарған сарытоғайлықтарға 1 млн. теңге тұратын спорттық тауарлардың сертификаты табысталды. ІІ орынды (500 мың теңге) Чапаев ауылдық округінің командасы, ІІІ орынды (300 мың теңге) Тайпақ ауылдық округі командасы иеленді. Жүгіру барысында белсене атсалысқандар қошеметтелді.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Ақжайық ауданы
Суреттерді түсірген Нұрхат МАҒЗОМОВ