12.08.2021, 11:35
Оқылды: 47

Ақжайықта медиацияға арналған жиын өтті

Халқымыздың даналық жолын дәріптеп, билердің сара жолын жалғаған медиаторлар қызметінің мақсаты – елдегі татулық пен бірлікті сақтау. Сондықтан дау-дамайларды сотқа жеткізбей-ақ реттейтін бітімгерлердің қоғам үшін маңызы зор. Бұл ҚР «Медиация туралы» Заңының қолданысқа енгеніне 10 жыл толуына орай аудан әкімдігінде өткен «Медиация – тұрақтылық пен келісімнің негізі» атты жиынның мазмұнынан анық көрінді.

Сот, полиция, әділет, прокуратура саласының өкілдері, округ әкімдері және медиаторлар қатысқан бұл шараны Ақжайық аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ашып, жүргізді.

IMG_4940

– Биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар аталмыш заңның 10 жылдығы елімізде кеңінен атап өтілуде. Бүгінгі таңда екі тарапты келісімге келтіретін медиаторлардың көмегіне жүгіну, туындаған мәселені осылай оңтайлы шешу тұрғындарға таңсық емес. Оған ауыл-елде осы салада еселі еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың қатарының көбеюі дәлел бола алады. Айталық, аудан бойынша 13 кәсіби емес медиатор қызмет көрсетсе, олардың жұмысын оңтайландыру мақсатында медиация кабинеті және 11 елдімекенде арнайы бұрыш ашылды. Бітімгерлік жолмен шешілген азаматтық және қылмыстық істердің саны да жыл санап артып келеді. Бұл халықтың медиацияға сенімінің және бұл қызметке жан-тәнімен беріліп жұмыс атқарған жандардың беделінің артуымен тығыз байланысты. Медиаторлардың жетістіктеріне тоқталар болсақ, 2016 жылы аудандық медиация кабинеті облыста үздік танылып, 2018 жылы Құрман Бисеғалиев республика бойынша «Үздік медиатор» атағын иеленді. Бұл нәтиже барша бітімгерлердің бірлескен жұмысының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, қызметтеріңізге табыс, абырой мен бедел, отбасыларыңызға береке тілеймін, – деді аудан басшысы.

Медиация азаматтық қоғамның негізі, демократия мен жаһанданудың жолы екенін соңғы жылдардағы деректер көрсетеді. Мысалы, жыл басынан бері медиаторлардың араласуымен ауданда 50 іс оң шешімін тапқан. Жоғарыда есімі аталған Құрман Жанұзақұлының жеке тәжірибесіне сүйенсек, 7 жылдың ішінде ол 387 соталды істің түйінінің тарқауына себеп болыпты.

Аудан әкімі салтанатты шарада медиация институтының дамуына, тұрақтылық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар медиаторларды, атап айтсақ, будариндік Ғайни Машаеваны, жамбылдық Ғайнижамал Ахметованы, қабыршақтылық Марат Сәрсенғазиевті, тайпақтық Әлібай Елмұратты алғысхатпен марапаттады.

Ашық диалог алаңында Ақжайық аудандық сотының төрағасы Әлібек Нұрғалиев, №2 Ақжайық аудандық сотының төрағасы Арман Назаров, аудандық прокуратураның аға прокуроры Мадияр Мұқанов медиацияның даму жолдары, келешегі жөнінде ортаға ой тастап, жергілікті бітімгерлердің көмегімен шешілген істерге тоқталды. Олардың келтірген мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 6 айында былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сот арқылы шешілген қылмыстық істердің саны 50 пайызға азайған. Бұл – медиаторлардың таза еңбегі.

Ал Құрман Бисеғалиев пен Жігербай Қажғалиевтер медиация саласындағы іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Шара соңында Қ.Шадиярұлы ауылдық округ әкімдеріне жергілікті жерде медиация аясын кеңейту мақсатында жұмыстанып, ел арасында беделді, әділ шешім қабылдай алатын азаматтарды тартуды жүктеді. Ол сонымен қатар медиаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында семинар ұйымдастыру қажеттігін де қаперледі.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале