Ақжайық ауданының орталығында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанындағы «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының 10 жылдығы кеңінен аталып өтті.
Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов осы шара алдында мерейтойдың қонағы, Қырғызстан мен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әйгілі композитор Ілия Жақанов пен оның жары Тиыш апаны қабылдады. Әңгіме барысында Қалияр Шадиярұлы аталған отаудың ауданның мәдени-рухани ахуалының ажарына үлес қосып келе жатқанын айтты.
Ол әйгілі сөз зергері Жұбан Молдағалиевтың 2020 жылғы 100 жылдығын кең көлемде атап өтуге байланысты алғашқы қадамдар жасалып жатқанын тілге тиек етті.
-Жұбан ақынның 100 жылдығын тойлауды қазірден бастағандарыңызға қуанып отырмын. Өйткені ондай батыр ақынның ерен еңбегі ескеріліп, жас ұрпаққа насихатталуы тиіс. Туған топырағындағы торқалы той елдікті, ерлікті насихаттауы керек,-деді Ілия аға.
«Музаның» он жылдығына жиналғандар алдымен Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Мәдени-демалыс орталығындағы «Мұраты биік «Муза» тақырыбында өткен әдеби-сазды кеш аудандық орталықтандырылған кітапхананың «Рухани жаңғыру. Әдеби әлем» атты кітап көрмесін тамашалаумен басталды.
Сосын экраннан «Муза» отауының тыныс-тіршілігін баяндайтын бейнебаян ұсынылды. ҚР Жазушылар одағынан танымал қаламгер Ғалым Жайлыбайдың, Атырау облысы, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлиннің құттықтаулары оқылды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы болып табылады. Тарихи сананы жаңғыртумен қатар Ұлы даламыздың мәдениеті мен өнерін, дала фольклорын қайта түлетуді мақсат тұтқан жазбада ұлттық құндылықтарымыз жөнінде кеңінен баяндалды. Рухани қазынамызды байыту жастардың отансүйгіштік, патриоттық тәрбиесін оң жолға қою деген сөз,-деді аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өзінің құттықтау сөзінде.
Аудан басшысы «Муза» отауының жетекшісі ақын Сағынтай Бисенғалиевке, ақын Тілес Жазықбайға, аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы, еңбек ардагері Раушан Сіләмғалиқызына, БҚО инновациялық-технологиялық университеті педагогика факультетінің аға оқытушысы, Оралдағы «Ақберен» әдеби бірлестігінің жетекшісі, ақын Талап Таймасұлы өскелең ұрпақты әдебиет әлеміне жетелеудегі еңбектері үшін алғысхат табыстады.
Ел ішіндегі сөз өнеріне құштар жандардың басын құраған аталмыш ұжымнан талай талапкерлер қанат қақты. Айталық, айтыскерлер Санат Мұхамбетжанов, Болат Өтешов, Айжан Дәулетова, Еркебұлан Төлеуқұлов, Әсет, Айнабек Бисенғалиевтер, Мейірман Шәкенов, Абылайхан Мақсотовтар айтыстарда топжарып жүр. Жазба поэзияны жанына серік еткен Айжан Сейітқалиева, Әнуар Аманжолов, Гүлназ Патшағұлова сынды ақындар бүгінде өлең өлкесіндегі мақтаныштарымыз болып табылады. Көркемсөзге келгенде көсіле жөнелетін «AQJAIYQ» телеарнасының дикторы Біржан Кухаев, аудан орталығындағы мәдени-демалыс орталығының жас маманы Сейілхан Ыбрайымов, алғабастық Мархабат Серіктердің өнеріне де халық тәнті. «Музаға» соңғы жылдары қосылған мектеп оқушылары ондап саналады. Жас буын өнерге өзіндік екпіндерімен келуде. Бастысы, ұрпақтар сабақтастығы үзілмей келеді. Бұл туралы «Музаның» жетекшісі Сағынтай Бисенғалиев өз баяндамасында түйіндеп айтты. Сонымен қатар ол осы әдеби ұйымға қол ұшын беріп, жан-жақты қолдау білдіріп келе жатқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиеваға, кітапхана ұжымына зор алғысын арнады.
І.Жақанов «Музаның» жұмысына жоғары баға берді. Ол Жұбан туған өлкеде поэзияға, жырға қызығушылардың қатары артып келе жатқанына зор қуанышын жеткізді. Абзал аға рухани дәулет хақында, өнерге адалдық, Отан алдындағы парыз туралы толғам-пайымдарымен бөлісті.
Шығармашылық ұжымның 10 жылдығына орай үш аталым бойынша сырттай байқау жарияланған болатын. Шара барысында жүлдегерлер марапатталды. Байқауға 100-ге жуық материал келіп түскенін айта кеткен жөн. «Не жазсақ та ермек үшін жазбалық...» аталымы бойынша ақындар мүшәйрасының жеңімпазы Алмалы мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақын Болат Өтешов болды. ІІ орын Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дің студенті, жас ақын Әнуар Аманжоловқа, ІІІ орын аталмыш жоғарғы оқу орнының студенті Айзада Бақытжановаға бұйырды.
«Көз суарсын ойлы оқырман, әз халық...» аталымы бойынша көркемсөз оқу шеберлері арасынан Тайпақтағы Қ.Байсықов атындағы мектептің 9 сынып оқушысы Ермахан Әбілхайыров жеңімпаз танылды. Ақжол ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі кеңесші маман Назым Ғұмарова ІІ орынды, Құрайлысай ауылдық округіне қарасты Сайқұдық ауылындағы Ж.Молдағалиев атындағы мектептің кітапханашысы Гүлжан Қабдолова ІІІ орынды иеленді.
«...Өнер – отау ошағында маздалық» аталымы бойынша эссе жанрындағы шығармалар байқауының жеңімпазы Алмалы мектебінің 9 сынып оқушысы, «Жайық таңы» газетінің жас тілшісі Дәурен Қуанышев болды. Талап мектебінің 9 сынып оқушысы Армат Қауышбай ІІ орынды иеленсе, Алғабас ауылдық округіне қарасты Жаңажол мектебінің 9 сынып оқушысы Көркем Бауыржанова ІІІ орын алды. Жеңімпаздардың бәріне естелік сыйлықтар табысталды. Басқа да жүлдегерлер түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
«Муза» отауының мүшелері Біржан Кухаев, Мархабат Серік, Ғазиза Сағындық, Гүлназ Патшағұлова, Ділназ Балажанова, «Ақберен» әдеби бірлестігінің мүшелері Асылайым Абатқызы, Айзада Бақытжановалар көркемсөз оқыды.
Бірнеше кітаптардың авторы, ақын Талап Таймасұлы жетекшілік ететін «Ақберен» әдеби бірлестігінің құрылғанына 17 жыл болды. «Ақберендіктердің» жетістіктері жетерлік. Мысалы, айтыскерлер Талғат Мықи, Орынбек Меңдіқұлов, жазба ақындар Дәурен Шамұратов, Асылайым Абатқызы, тағы басқа түрлі байқауларда олжа салып жүр. «Муза» отауы мен «Ақберен» бірлестігінің бір-бірінен үйренері көп екені кәміл. Шара барысында Талап Таймасұлы мен Сағынтай Бисенғалиев шығармашылық-әріптестік меморандумға қол қойды.
Мерейтой соңы Мейірман Шәкенов пен Орынбек Меңдіқұловтың көріністі әдемі айтысымен айшықталды.
Бекболат ҚАЛЕНОВ,
Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!