27.06.2024, 15:47
Оқылды: 60

Ақжайықта отбасылық байқау қорытындыланды

Чапаевта «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына аудандық іріктеу кезеңі өтті. Мемлекеттің іргетасы – әрине, берік отбасы мен үлгілі шаңырақ.

B78F0CE6-6E47-4C91-9BF9-17553689C640

Осы құндылықты әйгілеуде аталған аталмыш ұлттық байқаудың орны ерек. Биылғы байқаудың ерекшелігі – арнайы тағайындалған қазылар алқасы бір күн бұрын жиналып, әр отбасының жетістіктерімен танысты. Жанұядағы жарасымдылық, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтардың сақталуы туралы алдын ала дайындаған бейнеролик арқылы төрт бөлім бойынша бағалады.

Содан кейін аудандық мәдени-демалыс орталығында байқаудың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Бұл шараға қазылар алқасының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Денис Омашев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Адамгершілік құндылықтарды жаңғырту, отбасы мәртебесін арттыруға арналған ұлттық байқауды өткізу жөнінде шешім 2013 жылы қабылданды. Отбасы адам баласының тәлім-тәрбие алатын,өсіп жетілетін алтын бесігі екені баршаңызға белгілі. Осы тұрғыда, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының маңызы зор бола бермек. Биыл, міне, округтерден өтініш берген он сегіз отбасының он бірі іріктеліп алдарыңызға келіп отыр. Мен бүгінгі аталым иелері мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын, - деді ол.

Денис Омашев осыдан соң «Үздік спортшы» аталымын Ақсуат ауылдық округінен қатысқан Әткеевтер отбасына, «Зейінді отбасы» аталымын будариндік Нұрғалиевтерге, «Белсенді отбасы» аталымын Көнеккеткеннен келген Мерғалиевтерге, «Әмбебап отбасы» аталымын Қабыршақты ауылдық округінің намысын қорғаған Рысқалиевтерге, «Мейірімді отбасы» аталымын мергендік Нығметовтарға, «Креативті отбасы» аталымын сарытоғайлық Жақсылықұлының отбасына табыстады. Ал «Өнегелі отбасы» болып алғабастық Мұқанғалиевтер аталды.

Байқаудың III орыны Жамбыл ауылдық округінен келген Бақытовтар жанұясына бұйырды. II орын – ақжолдық Әжғалиевтер отбасында. Қазылар алқасының ортақ шешімімен Чапаев ауылдық округінің Жайық ауылынан қатысқан Меңдалиевтер отбасы байқаудың жеңімпазы атанды.

Енді Әжғалиевтер мен Меңдалиевтер жанұясы облыстық кезеңге аудан атынан қатысады.

Әсет Сағындық

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале