Бұл жыл біз үшін АЭС салу бойынша республикалық референдуммен ерекшеленіп, тарихта дара таңбаланары сөзсіз. Энергетика өндірудің балама жолын референдумда халықтың басым көбі қолдады. Осы ретте саяси маңызды науқанды өткізуде белсенділік танытқандардың еңбегі ұшан-теңіз.
Бүгін Ақжайық ауданы әкімі Мұрат Сердалин республикалық референдумды ойдағыдай өткізуге үлес қосқан жерлестерді марапаттады.
Олардың қатарында АЭС қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, жастар өкілдері болды.
– Бұл референдумда еліміздің ауызбіршілігі, ұйымшылдығы тағы бір мәрте жарқырап көрінді. Ауданымызда халық белсенді қатысып, бірде-бір учаскеде бұрмалау болған жоқ. Бұл ретте маңызды науқанның бел ортасында жүрген сіздердің қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймыз, – деген ол жиналғандардың еңбегіне табыс тіледі.
Осыдан соң аудан басшысы «AMANAT» партиясы атқарушы хатшысының, республикалық халықтық штаб басшысының және өзінің алғысхаттарын табыстады.
Әсем Есбек
Ақжайық ауданы