15.05.2018, 11:11
Оқылды: 54

Ақжайықта Сәуле Таудаеваның ән кеші өтті

DSC_0029Чапаевта әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Сәуле Таудаеваның кеші өтті.

Өнер жолындағы биік белестерді бағындыра білген, халқының жүрек төрінен орын алған әншінің жетістігі өте толайым, бұл алыс-жақынға жақсы мәлім. Сондықтан өз түлегімен осындай кездесуге ақжайықтықтар әрдайым асық.

Оның өмірдегі және өнердегі жолдасы, жұбайы ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов, ұлы Данияр Рахметжанов, Сәуленің құрбысы ҚР мәдениет саласының үздігі Зияш Аманғалиева және «Орал сазы» фольклорлық ансамблі сахнаға бірге шықты. Концерт алдында меймандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдады. Қабылдауда емен-жарқын әңгіме өрбіп, С.Таудаеваның шығармашылық жолы, болашақ жоспарлары туралы айтылды. Аудан әкімі Ә.Жоламанов әншінің отбасына амандық, шығармашылығына толағай табыс тіледі.

DSC_0040«Мерей» мәдени-демалыс орталығының киелі сахнасында өткен ән кешінде С.Таудаева әйгілі Мұхиттың «Көк айдайын», Ғ.Құрманғалиевтің «Ақжайығын», халық әні «Желкілдекті» әуелете, тамылжыта шырқады. Әнші сонымен қатар соңына көптеген шәкірт ерте білгенімен ерекшеленеді. Олардың үлкен сахналарда өнер көрсетуіне зор ықпал жасап келеді. Осы кеште Назгүл Қабиева, Күләш Қуанышқалиева сынды шәкірттерімен қатар Сұңғат Жанаев, Данияр Елеуовтей өнердегі ізбасарлары сахнаға шықты. Сағадат Рахметжанов, Зияш Аманғалиева бірнеше ән, терме, жыр орындады. Сағадат пен Сәуленің ұлы Данияр Рахметжановтың да есімі өңірімізге жақсы танылып келеді. Ол өзінің «Махамбеттің ұраны» шығармасын «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындады.

Концерттің соңында аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйледі. «Сәуле апамыз - кешегі Қаламқас Орашевадай сахна саңлақтарының ізбасары, өнердегі орны бөлек, өте қарапайым жан. Үндемей-ақ үлкен іс тындырып жүрген жанның өнердегі жолы айрықша. Дәстүрлі мәдениетіміздің көшін өрге тартқан Сәуле Таудаеваның жас ізбасарларға өнегесі зор. Апаларының ізін басып келе жатқан Ардақ Омар, Гүлжамал Қайбалиева, Аружан Әділхан мен Аружан Батығазиевлар ауданымыздың мақтаныштарына айналды»,-деді әкім. Ол кеш иесіне естелік сыйлықтар тапсырды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале