«Отбасының өнегесі — Отан өнегесі», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген отбасының маңыздылығын айғақтайтын халық нақылдары мұнымен түгесілмейді. Әлмисақтан ата-бабаларымыз берекесі мол, бірлігі бекем өнегелі шаңырақтың елдігіміздің тұтқасы екенін түйсінген.
Жамбыл ауылындағы Бақытовтар отбасы – елге сыйлы, шаңырағынан құт үзілмеген отбасылардың бірі. Осындай әулеттің берік қазығы, бала-немеренің тірегі – адами қасиеттері биік, ақылы дария, пайым-парасаты жоғары Ғайнижамал Сақыпкерейқызы. Бүгінде әже атанған ол шаңырағын шайқалтпай, балаларына жақсы тәлім-тәрбие бере білді.
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, Ғайнижамал ананың алдынан сан жүздеген шәкірт білім алып, тәрбие көрген. Ғайнижамал апамыздың жұбайы Нәсіпқали Бақытұлы да елге сыйлы азамат болыпты.
Спортқа жақын отағасы жұбайы екеуінен көрінген 3 ұл, 1 қызын жастайынан табандылыққа, жауапкершілікке шыңдапты. Талапшыл әке, мейірімді анадан өрген ұл-қызы – бүгінде ауданымыздың мақтанышына айналған мамандар, бір-бір шаңырақтың отағасы мен отанасы.
Нәсіпқали ағамыз өмірден ерте озса да, Ғайнижамал Сақыпкерейқызы әкенің орнын жоқтатпай, әрқайсысының өмірден өз орнын тауып, еліне адал қызмет ететін азамат етіп өсірді. Қазір ол кенже ұлы Серік пен келіні Жауқазынның қолында, немерелерінің қызығына бөленіп отыр.
Аналарын ардақтап, бар құрметін көрсетіп отырған Серік пен Жауқазын туралы бір-екі ауыз сөз айтып кетейін. Жарасымдылығы мен түсіністігіне ауыл-ел қызыға қарайтын үлгілі отбасы. Серік Нәсіпқалиұлы – еңбек жолын жастар саясатынан бастаған ауданға танымал азамат, бүгінде ауылдағы мәдениет үйінде сүйемелдеуші қызметін атқарады.
Ауылдағыны былай қойғанда, аудандағы көп концертте Серік гитарамен ән шырқап, шараның шырайын келтіреді. «Келін ененің топырағынан жаратылады» деген нақылдың рас екендігінің дәлелі.
– Серіктің сонау Орда ауданынан таңдап алған жары Жауқазын да – ағылшын тілінің мұғалімі, анасы секілді жайдары мінезді, ақжарқын, мейірім-шапағатқа толы жан. Бақытовтар отбасында ұрпақтары қазақ отбасына тән тәлім-тәрбиенің бәрін бойына сіңірген. Олай болмауы да мүмкін емес еді, себебі спорт шебері Нәсіпқали аға мен ардақты ұстаз Ғайнижамал анадан өрген ұрпақ нағыз өнегенің қандай болатынын ата-анасының үлгісінен, арасындағы жарасым мен сыйластықтан көріп өсті. Серік пен Жауқазын – қос ұл, бір қызға ата-ана. Алды 7 сыныпқа, кішісі 3 сыныпқа аяқ басқан ұл-қыздарын олар өнер мен білімге баулып, адамгершілік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеп келеді. Үлкені Әли сабаққа алғыр болса, артынан ерген інісі Мәди атасы секілді спортқа бейім. Ол асық атудан өткен облыстық турнирде жеңімпаз атанып, облыс құрамасының сапында сайысқа түсіп жүр. Мәди өткен оқу жылында мектептегі үздік оқушы атанып, суреті Құрмет тақтасына ілінді. Өнегелі де өнерлі отбасы әрдайым ауыл, аудандағы шаралардың бел ортасынан табылып, Жамбылдың мерейін асырып жүр.
Айталық, аудандық «Алтын ұя» байқауында III орын, аудандық «Мен және менің отбасым» атты бейнеролик байқауынан III орын; аудандық «Отбасы тарихы» атты қашықтан өткен шығармашылық байқауда II орын иеленді. Бұл тек отбасы болып қатысқан жарыстардан олжалаған жүлдесі. Ата-ана, ұл-қыздарының қол жеткізген жетістіктері айтарлықтай, олар – облыстық, аудандық, аймақтық деңгейдегі бірнеше алғысхаттар мен құрмет грамоталарының иелері.
Жастарға өмірден көрген-түйгенін айтып отыратын сыйлы Ғайнижамал әжемізге және ата-анаға құрмет көрсету үлгісін көрсетіп отырған ұл-қыздары биыл өтетін «Мерейлі отбасы» байқауына қатыспақ. Шаңырағына шаттық ұялаған Бақытовтар жанұясының Жамбыл ауылының намысын қолдан бермей, өзге де өнегелі үйелмендердің арасында топ жаратынына сенімдіміз.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы