Балалар жылына орай Теректі ауданы Ақжайық ауылында ұлттық ойындарды дәріптеу мақсатында тай жарысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиев, аудандық бәйге федерациясының төрағасы, атбегі Кәкім Темір қатысты.
Айта кетейік, бұл шара — әкімшілік, аудан атбегілері, демеушілердің мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
Ұлттық спорт ойындарына Ақжайық, Абай, Шалқар, Талпын, Сүттігенді, Ақсоғым ауылының шабандоздарынан бөлек, Тасқала ауданынан да қатысушылар келді.
Тартысқа толы сайыстарға 26 қазақы тай, 8 қанды тай қатыстырылып, «Тай жарысы», «Аударыспақ», «Бала көкпар» ойындары оздырылды.
«Жабы тай» жарысында ақжайықтық Ислам Бақтыгереев (шабандозы – Молдаш Жалғас) 1-орын, сарыөмірлік Жандарбек Хаиров (шабандозы – Арсен) 2-орын, тасқалалық Асхат Ялкапов (шабандозы – Арман) 3-орын иеленді.
Ал «қанды тай» жарысында Талпын ауылынан келген Әміржан Бекеновтің тайлары намысты қолдан бермей, бірінші және үшінші орынға табан тіресе, тайпақтық Асхат Қабдешев 2-орынды қанжығалады.
«Бала көкпар» жарысында ақжайықтық Абзал Байтоқов пен Әлихан Көшербаев алғашқы екі орынды олжалап, абайлық Қаршыға Руфат мәреден үшінші көрінді.
Сондай-ақ, «Аударыспақ» ойынында Ақжайықтың жігіттері Елдос Қапизов 1-орынға, Ізтілеу Ысмағұлов 2-орынға, Ұлан Рамазанов 3-орынға жайғасты.
Бас төреші, аудандық бәйге федерациясының төрағасы, атбегі Кәкім Темір ойындардың басы-қасында болып, жарыстың ережеге сай өтуіне күш салды. Бәйгеде бағы жанғандардың қанжығасы бос қайтқан жоқ, сайыс ұйымдастырушылары қазақы аттыларға 1-орын үшін ер-тоқым жиынтығын, 2-орынға аттың жабынын, 3,4,5-орындарға жүген жиынтығын және қанды аттыларға ақшалай сыйлықтар табыстады.
Жергілікті мәдениет үйінің өнерпаздары да бұл мерекені әнмен әрлеп, күймен көркемдеп, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Бауырынан бәрі жаралған,
Болашақ тұлпар – бала тай.
Жұлдызға өзін санаған,
Үстінде бір-бір балақай,- деп Кеңшілік Мырзабек жырлағандай, үлкен тәрбиелік мәні бар мұндай мерекенің тұлпар-тайларын тізгіндеген жас шабандоздарымыздың ұлттық рухта тәрбиеленіп, қазақы құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне ерекше ықпал етері сөзсіз.
Ғазиза Рахметова,
Теректі ауданы
Ақжайық ауылы