Бүгін Жұбан орталығында Қазақстан халқы тілдері күніне орай мазмұнды шара өтті.
Тіл – кез келген халықтың рухы, жігері, мәңгілігінің кепілі. Расында да, тілінен айырылған елдердің тарих сахнасынан кеткеніне уақыт айғақ. Сондықтан мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, оның тұнығын сақтау, ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту маңызды.
Осы мақсатта ұйымдастырылған шараны облыс ақыны, кітапханашы Мейірман Шәкенов жүргізіп, оған аудандық тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Р.Биманов, тіл жанашырлары мен жастар қатысты.
Алдымен жиналғандарды тілдер күнімен құттықтаған Руслан Бірлесұлы Президентіміздің мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстыратын күшке ие екенін, жас ұрпақты ана тілінен нәр алуын, әдебиетке құмарлығын бала кезден дамыту керектігін алға тартты.
Шара барысында М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мереке Зейноллина, Жұбан ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мейірман Шәкеновқа, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың кеңесші-маманы Айбар Саламатқа облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының алғысхаттары табысталды.
Ана тілінің көсегесінің көгеруіне аға буын, бүгінгі ұрпақта мүдделі болуы қажет. Кейінгі толқын өкілдерінің жаһандану тасқынына жұтылып кетпей, ұлттық танымды кеңейтуге, мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосуы ғана – ертеңіміздің жарқын болатынының кепілі.
Шарада сөз алған ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев, еңбек ардагері Құрман Бисеғалиев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің маманы З.Жолдығалиева, ардагер ұстаз А.Сарсеков, М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі М.Зейноллина қазақ тілінің маңыздылығы туралы өз ойларымен бөлісті.
«Тілім менің ғасырлардан аманат» атты поэзия блогында кітапханашылар Алмагүл Мақатова, Тұрсынай Сейтжанова мен Бақыт Жантасова ақындардың өлеңдерін оқып берді.
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы