«Ақжайық» спорт кешенінде сәуір айында басталған Ақжайық ауданының футзалдан жоғарғы және қызметтік лигаларының финалдық ойыны өтті. Төрт айға жуық уақытқа созылған сайысқа ауданның 390 спортшысы, қызметтік лигаға аудандық мекемелерден 10, жоғары лигаға 16 команда қатысып, бақ сынады.
Қызметтік лига қорытындысы бойынша ІІІ орынды күзет бөлімінің командасы, ІІ орынды №1 ЖОББМ командасы, І орынды балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасы иеленді.
Сондай-ақ Думан Қайыров «Үздік сұрмерген» (Күзет бөлімі), Жанболат Шайдоллиев «Үздік қорғаушы» («Жігер» спорт клубы), Әділжан Елешов «Үздік ойыншы» (аудандық мәдени-демалыс орталығы), Ербол Қапез «Үздік қақпашы» (№1 ЖОББМ) аталымдарымен марапатталды.
Ал жоғарғы лигада өнер көрсеткендердің арасынан Есенсай командасы ІІІ орынға ие болса, финалда «Жұбан жастары» мен Мерген ауылының командалары текетіресті.
Тартысты өткен жарыста 5-2 есебімен мергендіктер жеңіске жетіп, «Жұбан жастары» құрамасы ІІ орынды қанағат тұтты.
Ойын барысында Әлібек Әлменов «Үздік сұрмерген» (Есенсай ауылы), Бахтияр Ғазезов «Үздік қорғаушы» (Мерген ауылы), Асланбек Ғабдуллин «Үздік ойыншы» («Жұбан жастары»), Райымбек Қуаныш «Үздік қақпашы» («Жұбан жастары») аталымдарымен қошеметтелді.
Сайыс соңында «Жігер» спорт клубының директоры Жаслан Кунбатыров жүлдегерлер мен жеңімпаздарды диплом, медаль, кубокпен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Бұқаралық спортты насихаттауға арналған шараға қатысқан командаларға ризашылығын білдіріп, алдағы жарыстарда жеңіс тіледі.
Азамат Қанапия
Ақжайық ауданы