22.11.2024, 9:00
Оқылды: 63

Ақжайықта Үкі бидің мазары қоршалып, белгітас орнатылды

«Өткенсіз бүгін жоқ». Жайықтың қос қапталын тең жайлаған Ақжайық ауданының шежіресі  тереңнен тамыр тартады, тарихы тұңғиық. Табиғаты көркем өңіріміздің әр тасы, әр дөңес-белесі өткен күндерден сыр шерткендей. Сондай киелі орындардың бірі – Үкі би мазары.

IMG-20241121-WA0052

Бұл мазар Базартөбе ауылдық округіндегі Қызылжар ауылының оңтүстік шығыс шетіндегі орталық қорымда орналасқан. Байбақты руының Әлтеке бөлімінен шыққан Үкі бидің зираты – осы қорымдағы ең ескі зираттардың бірі, күмбезі жоғалып, тастары үгітіле бастап еді. Жуырда бидің ұрпақтары кеңесе келіп, зиратты жел мен судан сақтап қалу үшін айналасын қоршап, төбесін шатырлап, арнайы белгітас орнатты.

467557918_8514505548676273_4466113501465533854_n

– Біз Үкі биден тараған жетінші ұрпақтың өкіліміз. Бабамыз кезінде қоғамдық-саяси істерге белсенді араласқан, сол тұстағы мұрағат деректеріне есімі таңбаланған Кіші жүздің ықпалды тұлғаларының бірі болыпты. Оның қызметі атақты Сырым батыр заманынан бастау алып, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкей хандардың, Қаратай, Орман, Арынғазы сұлтандардың ел басқару кезіндегі күрделі тарихи оқиғаларымен байланысты. Бабамыздың зираты – аудандағы киелі орындардың бірі. Ауру-сырқау жандар мазар басына түнеп, әруақтан шипа сұрайды. Сондықтан уақыт өте келе, қар мен судан бүлінген мазарды сақтап қалуды ұйғардық. Бидің ұрпақтары болып, 7 млн теңгеден астам қаражат жинап, зиратты күмбездеп шатыр жауып, айналасын қоршадық. Келген жандар бабамыздың кім екенін біліп жүрсін деген мақсатта Үкі бидің өмірі мен тарихта қалдырған ізін баян ететін белгітас орнатылды, – дейді Есенсай ауылының бұрынғы тұрғыны, бүгінде Орал қаласында тұратын Фарид Қажғалиев.

Айта кетейік, Үкі би Төлепұлы – заманында 12 Ата Байұлының ішінде төбе би болып, хан кеңесшілігіне сайланған қайраткер тұлға.

Әсет Бисенғалиев

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале