Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин жаңарған қоғамдық кеңестің мүшелерін қабылдады.
– Баршамызға мәлім, қоғамдық кеңестің сайланған құрамының өкілеттік мерзімі үш жылды құрайды. Қоғамдық кеңестің бүгінгі күндегі мақсаты – ауыл-елдегі қоғамдық маңызды мәселелерді билікке жеткізу болып табылады. Бүгінде азаматтық қоғамның ықпалды бір бөлігі ретінде кеңес мүшелері ауданымыздың дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деген аудан басшысы ол кеңестің осыған дейінгі мүшелерінің атқарған жұмысына тоқталды. Қоғамдық кеңестің пәрменімен Чапаев ауылының тазалығы және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жөндеу мәселесі көтеріліп, соның нәтижесінде аудан орталығына қоқыс контейнерлері орнатылды.
Ұялы байланыс нашар ұстайтын елді мекендердің жоғары жылдамдықты байланыспен қамтамасыз етілді. Осы және өзге де қам-қарекеттерді атай кеткен М.А.Сердалин кеңестің өкілеттілігі аяқталған мүшелеріне, атап айтсақ, Руслан Есеналиев, Серікқали Мұқанақов, Талғат Төребаев, Нұрлан Аймурзинге жемісті қызметі үшін өзінің алғыс хатын табыс етті.
Ауданымыздың жаңа қоғамдық кеңесінің құрамы аудандық мәслихат төрағасының 17 ақпандағы №9 өкімімен бекітіл, жұмысына кірісті. Кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Сәлімгерей Сиражев жаңа құрамға сәттілік тіледі.
Азамат Қанапия,
Ақжайық ауданы