7.08.2024, 16:15
Оқылды: 113

Ақжайықта «Жас келсе, іске» атауымен мотивациялық жүздесу өтті

Өз заманымен қатар дамып, мүмкіндіктерді қапы жібермей, еңбекқорлықпен алға ұмтылған жастар арамызда көп. Қатарластарынан оза шауып, ісімен үлгі көрсетіп, шаруасы шарықтағанда байқап, мерейленесің осындайда. Ал солар осы нәтижеге қалай жетті, кім көмектесті, жетістікке қол жеткізудің құпиясы қандай? Осы жайында өсіп келе жатқан жас буынға үлгі болсын, білсін деген мақсатта Жұбан орталығында Халықаралық жастар күніне арналып, «Жас келсе, іске» атты мотивациялық жүздесу өтті.

2B1CC5A5-D55C-4087-913F-AEE9488E815F

Кездесудің басты кейіпкерлері – ауданға белгілі жас кәсіпкерлер – аудандық мәслихат депутаты, «Алаша Group» ЖШС директоры, меценат Әлішер Мағзомов және жеке кәсіпкер, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көрсетіп жүрген азамат Айбар Рысқұлов.

Олар өздерінің өмір жолдары туралы, кәсіпкерлікке қалай бет бұрғандары жөнінде баяндап, жиналған қыз-жігіттермен өз тәжірибелерін бөлісті.

– Қазіргі заман жастардан бәсекелестікке қабілеттілікті талап етеді. Алға қойған мақсатыңа жету үшін аз ұйықтап, көбірек еңбектену керек. Сонда нәтиже шығады. Қазір көбі қалаға бет бұрып, өзінің туған ауылын, жерін ұмытып жатады. Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Бәріміз де ауылдан шықтық, сондықтан барымызша еңбегіміздің жемісін ауылға арнап,  ауылға көмектесуге тырысу керекпіз. Менің кәсібім – ауылшаруашылық саласы. Қазір он екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әрмен қарайда жастарға лайықты жұмыс орнын көбірек ашуды мақсат еттім. Малды асылдандыруға бағыт алып, жуырда 800 еділбай қойын әкелдім. Енді асыл тұқымды жылқыларды көбейту жоспарда бар. Жастарға айтарым, жауапкершілікті, істеген ісіңе адал болу керегін  ұмытпаңыздар, - деді Әлішер Нұрпейісұлы.

Өз кезегінде сөз алған Айбар Мұханбетжанұлы да табысқа жетудің сырын айтып берді.

– Ең бастысы, қорықпау керек. «Көз қорқақ, қол батыр» деп бекерден бекер айтпаған халқымыз. Тәуекел етіп, кәсібіңді бастасаң, оның нәтижелі болуына бар күшіңді салсаң, жұмысың ілгерілейді. Қазір бәрі бар, қандай іспен айналысқың келсе де, мүмкіндік молынан. Тек алға құлшыныс, өзіңе сенім керек. Бір рет сүріндім деп, бастаған істен бас тартуға болмайды. Қайта тұр, еңсеңді тікте, одан бетер күш жұмса. Жастықпен сан кәсіпке қайратыңды сарп етпей, қолынан келетін нақты жұмыста біліктілігіңді шыңда, шебер болуға ұмтыл. Мен өзім әрқашан жақсылық жасап, көмектесіп, мұқтаж жандарға көмектесіп жүруге тырысамын. Көпшіліктің ақ батасын алсаң, жолың ашылып, бастаған ісің оңымен жүреді, - деді ол.

Кездесу барысында қыз-жігіттер өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауап алды.

Шара соңында аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жұмагүл Жақонова келген меймандарға ризашылығын айтып, кәсіптеріне сәттілік тілеп, өзінің алғысхатын тапсырды.

Азамат Қанапия

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале